Қырғызстанның күш құрылымдары ашық текетіреске көшті

Бүгін, 09:13 / Қайсар Қалам
Сурет: ҰҚМК

Қырғызстанның күш құрылымдары ашық текетіреске көшті. Екі тәулік ішінде Ішкі істер министрлігі (ІІМ) мен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) бір-бірінің қызметкерлерін ұстап, тінту шараларын жүргізді. 20 сәуірде милиция ҰҚМК алтыншы бас басқармасының бөлім бастығының орынбасарын қолға түсірді. Күш құрылымы өкілінің ұсталу себебі әзірге жарияланған жоқ, деп хабарлайды Arasha.kz.

Келесі күні-ақ ҰҚМК «қарымта қайтарды». Арнайы қызметтің 5–7 жедел уәкілінен құралған топ ІІМ-нің орталық аппаратына барып, Қоғамдық қауіпсіздік қызметінің кабинеттерінде тінту жүргізе бастады. Тінтудің ресми себебі  2020 жылғы қару-жараққа рұқсат беру құжаттарын тексеру. Алайда күш құрылымдарындағы дереккөздер бұл әрекетті кешегі тұтқындауға берілген тікелей жауап деп есептейді.

Өткен аптада да жағдай осыған ұқсас болған еді. Ол кезде арнайы қызмет өкілдері ұсталғаннан кейін милиция қызметкерлері ҰҚМК кабинеттерінде тінту жүргізген болатын.

Сонымен қатар, ҰҚМК ІІМ-нің есірткімен күрес полициясына да соққы берді. 17 сәуірде арнайы қызмет Есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес қызметінің бөлім бастығы П. М. мен жедел уәкіл А. А.-ны ұстады. ҰҚМК нұсқасы бойынша, олар Ресей азаматынан есірткі ісі бойынша жазаны жеңілдетуге уәде беріп, 9 миллион рубль (56 миллион теңгеден астам) бопсалаған. Тұтқындалғандар параны қашықтан алу схемасын жасап шығарған.

Ұсталған ресейліктің отбасы ақшаны бөліп-бөліп, бөгде адамдардың атына ашылған «Сбербанк» карталарына аударып отырған. Кейін бұл қаражат Қырғызстандағы делдалдар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, заңдастырылған.

Осы оқиғалар аясында Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты ҰҚМК-нің Бішкек қаласы бойынша бұрынғы басқарма бастығы Эльдар Жакыпбеков пен «Вазелин» лақап атымен танымал арнайы қызмет тергеушісін қамауда ұстау мерзімін 15 маусымға дейін ұзартты. Жақыпбеков ҰҚМК қызметкерлері мен азаматтық тұлғалардан құралған сыбайлас жемқорлық тобын құрды деп күдіктелуде.
 

Тэгтер:

Қырғызстан қамау ІІМ тінту ҰҚМК текетірес күштік құрылымдар