Украинада Джохар Дудаевтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды

22 сәуір, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: thechechenpress.com

Львовта Шешен Ішкеррия Республикасының тұңғыш Президенті атындағы көшеде Джохар Дудаевтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

21 сәуірде бүкіл әлемдегі шешен халқы Шешен Ішкеррия Республикасының тұңғыш Президенті Джохар Дудаевты еске алды. Тура отыз жыл бұрын, 1996 жылғы 21 сәуірде тәуелсіз Шешенстанның көшбасшысы Ресеймен соғысты аяқтау және бітімгершілік келісім туралы телефон арқылы келіссөз жүргізіп жатқан сәтте ресейлік зымыранның соққысынан қаза тапты.

«Бүгін  оның қаза болғанына тура 30 жыл. Бізбен бірге Шешен Ішкеррия Республикасының премьер-министрі Ахмед Закаев және еркіндік сүйгіш Ішкеррия халқының өкілдері бар», - деп хабарлады Львов мэрі Андрей Садовой 21 сәуірде өзінің Telegram-арнасында.

Ол Джохар Дудаевтың бостандық, әділдік және өз халқының тәуелсіз өмір сүру құқығы үшін қаза тапқанын атап өтті. Бұл  бүгінде Украина да қорғап жатқан құндылықтар.

«Львовтағы Дудаев көшесі  әлемдегі шешен азаттық қозғалысы көшбасшысының құрметіне аталған алғашқы көше. Қонақтарымызға осы бастамалары үшін және бізбен бірге осы бір қайғылы, бірақ бәріміз үшін маңызды күнде болғандары үшін алғыс айтамын. 2014 жылдан бері украиндармен бірге мемлекетімізді қорғап жүрген Джохар Дудаев атындағы еріктілер корпусының жауынгерлеріне ерекше алғыс білдіремін. Еңсесі түспеген украин және шешен халықтарына даңқ келсін», - деп атап өтті Садовой.
 

Тэгтер:

украина шешенстан мемориалдық тақта Джохар Дудаев Львов