«Заң мен тәртіп»: Астанадағы балабақшада балаларды тәртіпке баулитын жоба өтті

Бүгін, 13:10 / Камила Дүйсен
Араша

Астанадағы №49 «Алтынай» балабақшасы базасында «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында «Әр ойыншықтың өз орны бар» атты әдістемелік-тәрбиелік іс-шара өтті. 2026 жылдың 16-22 сәуірі аралығында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ұйымдастырылған бастама балалардың бойында жауапкершілік, ұқыптылық және қоғамдық тәртіпке құрмет сезімін қалыптастыруды мақсат етеді.

Шараны Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған. Жоба аясында №49 «Алтынай» балабақшасының педагогтері мен тәрбиеленушілері бірлесіп, топтағы мінез-құлық ережелерін түсіндіретін арнайы көрнекіліктер әзірлеп, оны тәрбие үдерісіне енгізді.

Педагогтердің айтуынша, мектепке дейінгі жастағы балалар қоршаған ортаны ең алдымен көрнекі бейнелер арқылы қабылдайды. Осыған байланысты топ ішіндегі әрбір зат пен ойыншықтың нақты орнын білдіретін символдар мен белгілер дайындалған. Бұл тәсіл тек жинақылықты емес, сонымен қатар баланың өз әрекетіне жауап беруін, еңбекті бағалауын және ортақ ережелерді құрметтеуін көздейді.

А. Амирханова жобаның тәрбиелік мәніне тоқталып, қазіргі кезеңде баланы үздіксіз ескертумен емес, өзін-өзі реттеуге жетелейтін құралдар арқылы тәрбиелеу маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, балалардың көз деңгейіне ілінген қарапайым әрі түсінікті белгілер балада белгілі бір әрекетті әдетке айналдыруға көмектеседі. Мұндай тәсіл арқылы бүлдіршіндер өз бетінше шешім қабылдап, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге үйренеді.

Мамандар бұл бастаманың нәтижесінде балалар арасындағы жанжалдар азайып, ұйымшылдық арта түсетінін айтады. Сонымен қатар ойыншықтарды түрі мен көлеміне қарай топтастыру олардың танымдық қабілетін дамытып, топ ішіндегі тазалық мәдениетін жаңа деңгейге көтермек.

Жоба авторларының пікірінше, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының құндылықтарын ерте жастан сіңіру – болашақта құқықтық мәдениеті жоғары, саналы әрі жауапты азамат тәрбиелеудің тиімді жолы.

Тэгтер:

Астана Заң және тәртіп №49 «Алтынай» балабақшасы