Соловьёвтің сөзі дипломатиялық дау туғызды: Италия Ресей елшісін шақырды

Бүгін, 15:32 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Владимир Соловьёв эфирінде айтылған сөздерден кейін Джорджа Мелони туралы дау туып, Италияның Сыртқы істер министрлігі Ресей елшісін шақырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Италия Ресей елшілігінен ресми түсініктеме талап етті. Бұған тележүргізуші Владимир Соловьёвтің Италия премьер-министрі Джорджа Мелони туралы айтқан дөрекі сөздері себеп болды. 

Италияның сыртқы істер министрі Антонио Таяни Ресейдің Италиядағы елшісі Алексей Парамоновты министрлікке шақырып, оған ресми наразылық білдіруді тапсырды. Бұл туралы Ansa агенттігі хабарлады.

Оқиғаға «Соловьёв Live» эфирінде айтылған сөздер түрткі болған. Владимир Соловьёв итальян тілінде сөйлеп, Джорджа Мелониді «жезөкше» және «фашистік мақұлық» деп атаған. Ол мұны Мелони «өзі адал болуға ант берген Трампты сатып кетті» деп түсіндірген. Бұл сөздерге алдымен «Осторожно, Media» жобасы назар аударған, кейін оларды ірі италиялық БАҚ тарата бастады.

Италияның қорғаныс министрі Гвидо Крозетто:
«Мен Италиядағы Ресей елшілігінен, жиі түрлі мәлімдеме жасап жүретін мекемеден, осы сөздер мен осындай тоннан ресми түрде алшақтауды талап етуді өз міндетім деп санаймын», – деді.

Өз кезегінде Ресейдің Италиядағы елшісі Алексей Парамонов Италия тарапының реакциясына қатысты пікір білдіріп, италиялық дипломаттар «тағы да мүлт кеткенін» айтты.

Сондай-ақ ол:
«Ешбір ақыл-есі дұрыс адам біреудің жеке эмоциялық пікірін қандай да бір мемлекеттің үкіметінің ресми мәлімдемесі ретінде қабылдамас еді», – деп мәлімдеді.