Талғар маңында 20 жастағы жігітті топ болып пышақтап өлтірді: күдіктілер ұсталды

Бүгін, 19:09 / Ахмет Қанатұлы
kaz.orda.kz

12 сәуір күні Алматы облысы Талғар ауданындағы Гүлдала ауылында орналасқан мейрамханалардың бірінде қайғылы оқиға болды. Бір топ адам 20 жастағы жігітке жабылып, ауыр соққыға жығып, кейін пышақтаған. Бұл деректі Алматы облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мәліметке сәйкес, бірнеше адам жас жігітті қоршап алып, аяусыз соққыға жыққан. Кейін оған суық қару қолданылған. Ауыр жарақат алған жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы жағдайға ондаған адам куә болған.

Аталған дерек бойынша полиция адам өлтіру және бұзақылық баптары бойынша екі бірдей қылмыстық іс қозғады. Жедел іздестіру шаралары барысында 20 жастағы негізгі күдікті ұсталып, қамауға алынды.

Сонымен қатар бұзақылық әрекеттерге қатысы бар деген тағы үш адам қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кейін сот шешімімен олардың екеуіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Ал кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты жеке шешім қабылданған.

Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Іс барысы полицияның ерекше бақылауында.