Қазақстандық танымал гроссмейстер Жансая Әбдімәлік «Zamandas» YouTube арнасына берген сұхбатында кәсіби спорттағы ауыр жолы, отбасының жасаған құрбандықтары және қазіргі өмірі туралы ашық айтып берді. Әлемдегі ерлер арасындағы гроссмейстер атағына ие болған санаулы әйелдердің бірі (шамамен 40 әйел) ретінде ол шахматтың тек ақыл-ой емес, үлкен физикалық дайындықты талап ететін спорт екенін дәлелдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жансаяның шахматтағы мансабы ата-анасының үлкен тәуекелінен басталған. 2007 жылы оның талантына сенген әкесі мен анасы жалғыз пәтерлерін сатып, қаражатты қызының жаттығулары мен шетелдегі жарыстарына салған. Осылайша, Әбдімәліктер отбасы пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған. Жансаяның таланты алты жасында-ақ байқалған: ол үшінші және төртінші әлем чемпиондары Хосе Рауль Капабланка мен Александр Алехиннің 37 жүрістен тұратын партиясын жатқа айтып беріп, әкесін таңғалдырған екен.
Он жасында Жансая анасымен бірге Сингапурға барып, 1,5 жыл бойы өте қатал режимде жаттыққан. Оның күні таңғы сағат 6-да оянудан басталатын: анасы оянбауы үшін еденге лампа қойып, шахмат кітаптарын өз бетінше зерттейтін. Күніне қытайлық және филиппиндік шеберлермен сағаттап жаттығып, кешкісін физикалық төзімділікті арттыру үшін бассейнде екі сағат жүзетін. Тіпті анасы жүзу білмесе де, YouTube-тен Майкл Фелпстің жаттықтырушысының сабақтарын көріп, қызының техникасын бақылаған. Осы еңбектің нәтижесінде ол 2011 жылы Бразилияда 12 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы атанды.
Жансая шахматтың сырттай қарағанда «оңай» көрінетін стереотипін жоққа шығарды. Оның мансабындағы ең ұзақ партия 7 сағат 15 минутқа созылған. Мұндай уақыт бойы фокусты жоғалтпау үшін спортшыға мықты физикалық дайындық қажет. Сонымен қатар, кәсіби шахматшылар қарсыласының соңғы екі жылдағы мыңдаған партиясын талдап, оның әлсіз тұстары мен психологиялық ерекшеліктерін (мысалы, ферзіні ауыстыруды ұната ма, жоқ па) зерттейді. Гроссмейстердің айтуынша, ерлер шахматы тұрақтылығымен ерекшеленсе, әйелдер шахматы эмоционалды әрі «жанды» болғандықтан, көрермен үшін қызығырақ,.
Пандемия кезінде спорттық жарыстардың тоқтауына байланысты Жансая өзін саясатта сынап көрді. Ол Алматы қалалық мәслихатының ең жас депутаты ретінде екі жыл қызмет етті. Депутаттық кезеңде ол балалардың үйірмелерін мемлекеттік қаржыландыру (жан басына шаққандағы қаржыландыру) жобасын қорғап, бюджеттің тиімді бөлінуіне атсалысты. Оның пайымдауы бойынша, мемлекет балалардың тәрбиесі мен біліміне инвестиция салуды өзінің басты міндеті деп санауы тиіс.
Жансаяның кәсіби мансабындағы ең шулы оқиғалардың бірі Индиядағы Гран-при турнирінде орын алды. Ол турнирдегі ұйымдастыру деңгейінің төмендігіне (әуежайда күтіп алмау, қонақүй жанындағы қоқыс полигоны, қауіпсіздіктің жоқтығы) байланысты жарыстан бас тартқан. Бұл шешім Бибісара Асаубаевамен ашық кикілжіңге әкелді. Жансая бұл жағдайды «индивидуалды турнирдегі өз шешімім» деп түсіндіріп, клевета үшін алдағы уақытта сотқа жүгінуге дайын екенін мәлімдеді.
Қазіргі таңда Жансая Әбдімәлік тұрмысқа шығып, ана атанған соң кәсіби спорттан үзіліс алған. Ол өзінің шахматтағы «аңшы» режимінен аналық режимге ауысуы үшін гормоналды деңгейін де реттеу қажет болғанын айтады. Гроссмейстер болашақта кәсіби ойыншы ретінде қайтып келуі екіталай екенін, бірақ құраманың капитаны немесе бапкер ретінде қызмет етуі мүмкін екенін меңзеді.