"Кез келген адам күдікпен қамалуы мүмкін": журналистер 274-бапты түсіндіруді талап етті

Бүгін, 19:46 / Arasha.kz
Коллаж ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда журналистер мен құқық қорғаушылар Қылмыстық кодекстің 274-бабын қайта қарауды талап етіп, «Үндеу» жолдады. Олардың айтуынша, нақты қылмыс дәлелденбей тұрып, «қауіп тудыруы мүмкін» деген күмәннің өзі адамды қылмыстық қудалауға жеткізіп отыр. Үндеу авторлары бұл баптың жалған ақпаратпен күрес құралы емес, сөз еркіндігін тұсаулайтын тетікке айналғанын мәлімдеді.

Алматыда осы мәселе төңірегінде өткен баспасөз мәслихатына салада танылған, әр жылдары ірі редакцияларды басқарған және жаңа медиа жобалар құрған тәжірибелі журналистер жиналды. Журналист Руслан Ербота айтуынша, бұл жиын бір бапқа қатысты тар дау емес, елдегі сөз еркіндігінің ахуалына байланысты алаңдаушылықтан туған. Оның сөзінше, кәсіби ортада соңғы жылдары еркін пікір айту кеңістігінің тарылып бара жатқаны жиі талқыланады.

«Бүгін бір топ журналистер Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді. Жиынды ұйымдастырғандардың құрамына қарасаңыз да Ардақ Бөкеева, Марат Әсіпов, Назира Дәрімбет, Қарлығаш Еженова, Лұқпан Ахмедьяров сияқты мойындалған әріптестер отыр. Бұған дейін талай медиа жоба ашқан, бірнеше басылымда басшылық жасаған азаматтар жиналды. Бұл – мәселенің кездейсоқ көтеріліп отырмағанын көрсетеді», – деді ол.

Оның айтуынша, кейінгі уақытта журналистер арасында бұрынғы кезеңдерді салыстырып айту көбейген. Әсіресе 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда сөз бостандығына белгілі бір мүмкіндік ашылғандай әсер болғанын алға тартты журналист.

«Соңғы кезде журналистермен сөйлескенде көбі Назарбаев дәуірін еске алатынын байқадым. Оны да үш кезеңге бөліп қарауға болады: алғашқы онжылдықта баспасөз еркіндігі болды, кейін жартылай шектеу келді, соңғы кезеңде тізеге басып, көз-құлақты таңып, ауызды жапқан уақыт болды. Өкінішке қарай, соны қазір сағынышпен айтатын жағдайға жеттік. Қаңтар оқиғасынан кейін сөз еркіндігіне бір саңылау ашылғандай көрініп еді. Бірақ кейінгі жылдары сол саңылаудың өзі жабылып, тас түнекке айналып бара жатқандай», – деді Руслан Ербота.

Журналистің сөзінше, әсіресе билікке, жергілікті атқарушы органдарға немесе ықпалды топтарға ыңғайсыз сұрақ қоятын редакциялар мен азаматтарға қысым күшейген. Осындай жағдайда 274-бап жиі еске түсетін құралға айналғанын айтты.

«274-бап алғаш енгізілгенде біз де биліктің уәжін түсінгенбіз. Себебі ол қоғамдық орынға бомба қойылды деген секілді жалған хабар таратып, елді дүрліктіретіндерге қарсы қажет деп түсіндірілді. Ол кезде сондай жағдайлар да жиілеген еді. Бірақ кейінгі екі-үш жылда бұл бап журналистер мен қоғам белсенділеріне қарсы пайдаланыла бастады. Бастапқы мақсат басқа болғанымен, қолданылу бағыты өзгеріп кеткендей көрінеді», – деді ол.

Руслан Ербота қоғамда активтердің қайта бөлінуі, күмәнді байлықтың пайда болуы, ықпалды топтар арасындағы тартыс секілді сұрақтар туындайтынын айтты. Оның пікірінше, мұндай тақырыптарды көтерген журналистер қысымға тап болуы мүмкін деген қорқыныш бар.

«Ел ішінде қаржылық топтар арасында тартыстар жүріп жатқанын көріп отырмыз. Активтер қолдан-қолға өтіп жатыр, кеше ақшасы жоқ адам бүгін қалай байып кетті деген сұрақ туады қоғамда. Осындай сұрақты журналист қойып, тексеріп, зерттеу жүргізгісі келсе, “жалған ақпарат таратты” деп 274-баппен іс қозғап жіберуі мүмкін. Бұрын мұндай жағдайда сот алдында түсіндіру, өз уәжіңді айту мүмкіндігі болатын. Қазір бірден екі аптаға не екі айға қамап тастау тәжірибесі байқалады», – деді журналист.

Руслан Ербота сөзінше, бүгінгі талап – бапты бірден жою емес, алдымен оны қолдану тәртібін нақтылау. Оның пікірінше, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты түсіндірме беріп, тергеу органдары соған сүйенсе, даулы тәжірибелер азаяр еді.

«Сол себепті бүгін әріптестеріміз өткізген баспасөз мәслихатын қолдаймын. Ол жерде сұрап отырғанымыз – осы баптың 1,2,3-тармақтарының іс жүзіндегі қолдану практикасына көңіл бөлу. Жоғарғы сот оған нақты түсініктеме берсе, тергеу орындары да соған дұрыстап қараса дейміз. Әңгіме сонда болып отыр», – деп түйіндеді ол.

Журналист Марат Әсіпов айтуынша, дәл қазір Қылмыстық кодекстің 274-бабын өзгерту мәселесі көтеріліп отырған жоқ. Себебі заңға түзету енгізу техникалық әрі рәсімдік жағынан күрделі процесс. Сондықтан бүгінгі басты мәселе – осы баптың теріс қолданылуына жол бермеу.

«Біз дәл қазір 274-бапты ертең өзгертіп тастайық деп отырған жоқпыз. Заңға түзету енгізу үшін алдымен заң жобасы дайындалып, министрліктермен келісіліп, кейін Парламентке енгізіледі. Ол ұзақ процесс. Сондықтан қазіргі талап – осы норманың сотта тергеушінің еркіне қарай емес, нақты құқықтық өлшемдермен қаралуы. Мұндай істердің әсіресе журналистерге қатысты процестерде ашық өтуі маңызды», – деді ол.

Журналистің сөзінше, бұл қауіп тек медиа саласына ғана қатысты емес. Егер мұндай тәжірибе орнықса, ертең кез келген азамат та осы тетікпен қысымға ұшырауы мүмкін.

«Сондықтан қоғам алаңдап отырған негізгі мәселе – заңның өзі емес, оның теріс пайдаланылу қаупінде болып отыр. Егер мұндай құқық қолдану тәсілі қалыптасса, ол ертең кез келген азаматқа таралуы мүмкін. Өйткені заңда бұл норма тек журналистерге қатысты қолданылады деп нақты жазылмаған», – деді Марат Әсіпов.

Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі жазба, пікір, әзіл немесе болжамның өзі дауға себеп болуы ықтимал. Ал бастапқы кезеңде мұндай шешімді тергеуші қабылдайды.

«Өйткені ұрлық, алаяқтық секілді істерде нақты дәлел базасын жинау қажет. Ал мұнда “жарияланған пост тәртіпсіздікке әкелуі мүмкін” деген жорамалдың өзі процесс бастауға себеп болып кетуі ықтимал. Яғни сөз жасалған әрекет туралы емес, болуы ықтимал салдар туралы. Ал оның шынымен мүмкін не мүмкін еместігін кім және қандай өлшеммен анықтайды деген сұрақ бар», – деді ол.

Марат Әсіпов пікірінше, осындай белгісіздік уақытша оқшаулау құралына айналып кетуі мүмкін.

«Егер адам расымен тәртіпсіздік жасап, ол факт тіркелсе, онда жауапкершілік нақты оқиғаға сүйеніп қаралады. Ал бұл жағдайда тергеу органдары екі ай бойы “қылмыс құрамы бар ма, жоқ па” деп тексеру жүргізе алады. Сол аралықта адамды үйқамаққа алу немесе бостандығын шектеу мүмкіндігі туады. Сондықтан бұл бап уақыт өте келе кез келген адамға қысым жасау құралына айналып кетуі мүмкін деген қауіп бар», – деп түйіндеді журналист.

Журналист Назира Дәрімбет айтуынша, бүгінгі даудың негізгі өзегі – құқықтық анықсыздық мәселесі. Оның сөзінше, баптағы «көрінеу жалған ақпарат» пен «қауіп тудыру» ұғымдарының нақты өлшемдері жоқ болғандықтан, оны әртүрлі түсіндіруге жол ашылып отыр.

«Бүгінде Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 274-бабы іс жүзінде сөз бостандығына қысым жасау құралына айналып барады. Қазіргі таңда бұл баптың қолданылуы алаңдаушылық туғызып отыр. Мәселе – “көрінеу жалған ақпарат” пен “қауіп тудыру” ұғымдарының нақты өлшемдері жоқтығында. Соның салдарынан бұл бап журналист, блогер, жалпы белсенділерге қысым көрсету құралына айналып отыр. Сондықтан осы норманы қайта қарау қажеттігі туындап отыр», – деді ол.

Оның айтуынша, ақпараттың рас не жалған екенін анықтау тек соттың құзырында болуы тиіс. Алайда іс жүзінде тергеу органдарының бастапқы бағалауының өзі қылмыстық істі бастауға жеткілікті болып отыр.

«Өйткені ақпараттың жалған екенін анықтау тек соттың құзырында болуы тиіс. Алайда бүгінде іс жүзінде тергеу органдарының субъективті бағалауының өзі қылмыстық істі бастауға жеткілікті болып отыр. Мұндай жағдайда адам кінәсі дәлелденбей тұрып-ақ қысымға ұшырауы мүмкін. Бұл құқықтық мемлекет қағидаттарына сай келмейді деп есептейміз. Сондықтан баптың қолданылу тәртібі нақты әрі түсінікті болуы керек», – деді Назира Дәрімбет.

Журналист сөзінше, мәселені шешудің жолы – құқық қолдану практикасын айқындап, заңнаманы жетілдіру. Сондай-ақ баптың жекелеген бөліктерін әкімшілік құқықбұзушылық санатына көшіру мәселесін қарау қажет.

«Сондықтан біз әріптестерімізбен бірге тиісті мемлекеттік органдардан ҚК-нің 274-бабын қайта қарау қажеттігін талап етіп отырмыз. Атап айтқанда, “қауіп тудыру” ұғымын нақтылау, сондай-ақ баптың жекелеген бөліктерін қылмыстық емес, әкімшілік құқық бұзушылық санатына ауыстыруды ұсынамыз. Бірінші бөліктің диспозициясын нақты зиян келтіру фактісінсіз қолдану мәселесін заңнамалық деңгейде қайта қарау қажет. Сондай-ақ 1 және 2-бөліктерін декриминализациялау мүмкіндігін талқылау керек. Сөз бостандығы мен қоғамдық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін құқық қолдану практикасын айқындау және заңнаманы жетілдіру маңызды деп ойлаймыз. Егер бұл норма өзгермесе, ол алдағы уақытта да тәуелсіз журналистика мен қоғамдық пікірді шектеудің құралы болып қала береді», – деп түйіндеді ол.

Тэгтер:

сөз бостандығы журналистер Қылмыстық кодекс қудалау