Бір топ полицей пара алды деген күдікпен ұсталды

Бүгін, 09:32 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

ҰҚК Қостанай облысында криминалдық полиция қызметкерлерін ұстады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Tobol Info басылымына сілтеме жасап.

«2026 жылғы 17 наурызда Қостанай облысы бойынша ҰҚКД Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері Қостанай облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп, ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігі бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Рудный қалалық криминалдық полиция бөлімінің үш қызметкерін ұстады. Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен аталған тұлғаларға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», – деп хабарлады Қостанай облысының полиция департаментінен.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігі  адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ірі мөлшерде немесе бірнеше рет бопсалау арқылы пара алу бабы бойынша қозғалғаны атап өтілді.

Аталған баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, айыппұл салуды не жеті жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
 

Тэгтер:

полиция ҰҚК сыбайлас жемқорлық пара алу Рудный