Ақмола облысында бұзақылық оқиғасы орын алды. Бір топ жасөспірім спорт нысанының терезелері мен есіктерін қиратып, трибунадағы орындықтар мен спорттық жабдықтарды бүлдірген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Halyqstan телеграм арансының мәліметінше, келеңсіз оқиға Целиноград ауданының Нұрлы ауылында болған. Мектеп оқушылары спорт нысанының аумағына рұқсатсыз кіріп, футбол ойнамақ болған, алайда соңы талқандауға ұласқан.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арыз түскен бойда полиция қызметкерлері үш кәмелетке толмаған жасөспірімнің жеке басын анықтады, қазіргі уақытта олардың оқиғаға қатыстылығы тексерілуде. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдер футбол ойнау мақсатында спорт нысанына заңсыз кірген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында оқиғаның мән-жайы анықталып, басқа да тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Бұл вандализм дерегіне Ақмола облысының әкімдігі де дереу үн қатты. Өңір басшысы Марат Ахметжанов тергеу барысын өз бақылауына алды.
Қазіргі таңда шығын көлемі есептеліп, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына қатысты тиісті шаралар қарастырылуда.