«Палау орталығындағы» жарылыс бойынша жаңа күдіктілер ұсталды

Бүгін, 11:33 / Қайсар Қалам
Сурет: ТЖМ

Щучинск қаласындағы дәмханада болған өртке қатысты жаңа деректер белгілі болды. Естеріңізге сала кетейік, бұл қайғылы оқиға бірнеше адамның өмірін қиған еді. Жақында өрттен зардап шеккен тағы бір 48 жастағы ер адам қайтыс болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұған дейін «Палау орталығының» иесі ұсталып, екі айға қамауға алынған болатын.

Енді іске қатысты жаңа тұлғалар анықталды: автогаз құю станциясының директоры мен газ баллондарын жеткізуші ұсталды. Олар баллондарды толтыру және жеткізу бойынша қызмет көрсету кезінде заңнама талаптарын бұзды деп күдіктелуде.

Күдіктілер сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.

«Ақмола облысының арнайы прокурорлары Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» дәмханасында абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр. Күдіктілердің іс-әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-бөлігі бойынша сараланды. Соттың санкциясымен олардың біріне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалса, екіншісіне үй қамағы белгіленді», - деп хабарлады прокуратурадан.

Іс бойынша түпкілікті шешімді сот шығарады деп толықтырды қадағалау органындағылар.
 

Тэгтер:

щучинск күдіктілер жарылыс ТЖМ Палау орталығы