ШҚО-да сарбаздың қаза табуына байланысты әскери бөлім командирлері сотқа тартылуда

Бүгін, 12:19 / Қайсар Қалам
Сурет: Қарулы күштер министрлігі

Өскемен гарнизонының әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаз Қазбек Оспановтың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Батальон және взвод командирлері билікті асыра пайдаланды және салғырттық танытты деп айыпталуда, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Тергеу барысында лауазымды тұлғалардың жарғыдан тыс өзара қарым-қатынастарға бірнеше рет жол бергені және қаза тапқан әскери қызметшіге психологиялық қысым көрсеткені анықталды», - деп хабарлады Бас әскери прокуратура.

Тергеу мәліметтері бойынша, бөлімде тек қаза тапқан сарбазға ғана емес, басқа да әскери қызметшілерге қысым көрсетуге жол берілген. Бұдан бөлек, взвод командирі қару-жарақтың сақталуын бақылаусыз қалдырған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Сонымен қатар, кадрлық шешімдер қабылданды: бөлім командирі мен оның екі орынбасары қызметінен босатылды, тағы тоғыз қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

20 жастағы Қазбек Оспанов қаңтар айында әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапты. Ресми түрде оның өзіне-өзі қол жұмсағаны хабарланған болатын, бірақ отбасы бұл нұсқамен келіспеді. Туыстары жігіттің қысым көріп жүргеніне шағымданғанын және таныстарынан ақша сұрағанын айтқан еді.

Тэгтер:

сот прокуратура әскер сарбаз өлімі