Қаржы пирамидаларына сенетіндер тыйылмай тұр

12 наурыз, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Елімізде азаматтарды интернет-алаяқтардың шалған қоңырауына, қаржы пирамидаларына сеніп ақшасын аударып қоймауларына, сақ болуға шақырып жатса да, бұл проблема әлі де азаймай отыр.

Күні кеше Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов мемлекет басшысының қабылдауында 17 қаржы пирамидасы жойылғанын мәлімдеді. Бұдан өзге, банктер мен байланыс операторларының атынан арнайы жабдықтармен фишинг хабарландыру тарататын топтардың қызметін әшкереледі.

Айтуынша, 3,7 мың күмәнді сайт пен 22 топ чатын жапқан. Заңсыз схема арқылы дроп-карталармен 13 миллиард теңге айналым жасаған істер анықталды. 14 сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстары басталған.  Сондай-ақ жалған тұлғаларға рәсімделген 68 мыңнан аса карта бұғатталды. Бұдан бөлек, криптовалютаны заңсыз айырбастап алуға болатын онлайн сервистерге кіретін 483 сілтеме шектелді.

Өткен жылы Қаржылық мониторинг агенттігі ұсынған дерекке сүйенсек, елде интернет-алаяқтыққа қатысты 72 қылмыстық іс аяқталып, 80 азамат жауапқа тартылып, 74 адамға сот үкімі шықты.

Қаржы пирамидасының қоғамға зиянын тигізетін екі тұсы бар, ол экономикалық және әлеуметтік.Олар көбіне инвестициялық компания, трейдинг платформасы немесе өздерін жаңа жоба ретінде таныстырып, оңай олжаға кенелуге шақырады. Сенімге кіру үшін алғашқы қатысушыларға табыс беріп отырады. Уақытша осылайша сенімге кірген пирамидалар соңына қарай қаржыны қалтаға басып, зым-зия жоғалады. 

Қазақстанда адамдар мұндай пирамидаларға неліктен оңай жем болуда. Оның себебін, сарапшылар экономикалық жағдаймен байланысты дейді. Азаматтар қосымша табыс іздейді, таныс арқылы сеніп келеді немесе тез байығысы келеді. Тағы бір айтатын жайт, пирамидаға кірген адам айналасындағы таныстарын, туысқандарын тартады. Мамандар мұндай мәселені құқықтық шаралармен шешу жеткіліксіздігін алға тартады. Адамдар қаржы құяр кезде инвестиция туралы, оның пайдасы мен зияны туралы терең зерттеп түсініп алуы керек.

Айтпақшы, өткен жылы ҚР Қылмыстық кодексіне 217-1-бап енгізілді. Онда қаржы және инвестиция жасауға шақыратын пирамидаларды жарнамаласа қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны айтылған.

Алаяқтар көбіне адамдардың эмоциясы арқылы асығыс қадам жасауына итермелейді. Сол себепті, азаматтар кез келген сәтте сыни ойлай алуы қажет. Интернет-алаяқтар – цифрлық әлемнің қылмыскерлері. Қазақстан бұл цифрлық індетпен барынша күресіп жатыр, бірақ азаматтардың өзі де сауатты әрі сақ болуы тиіс.
 

Тэгтер:

алаяқтық қаржы пирамидасы Қаржы мониторингі агенттігі