Лудомания – қоғамды іштен ірітіп жатқан жасырын қауіп

15 наурыз, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: sirtravelalot / Shutterstock / FOTODOM

Цифрлық әлем дамыған сайын соған сәйкес қауіп-қатердің де түр-түрі күшейді. Интернет-алаяқтардан қалай қорғанамыз деп күресіп жатқанда, бір жағынан лудомандардың да жағадан алып, қоғамды алға емес артқа сүйрейтіні өкінішті.

Ойынқұмарлық – жеке адамның ғана емес, әлеуметтің де жан жарасы. Өйткені, құмар ойындарға тәуелділік бүкіл бір отбасының ойранын шығарып, қаржылық жағдайын ойсырата түседі. Лудомандар тез табыс табуға және көзсіз тәуекелге жиі барады.

Міне осындай сәтте ғаламтордағы түрлі жалған ақпараттар да ойынқұмарларды тарта түседі. Әлеуметтік желі беттеріндегі жылдам ақша табу, ойын ұтысы арқылы ақшаны екі есе көбейтіп алу, құпия санта, жалған интернет дүкендер, инвестиция салуға шақыру, «мың теңгеге айфон ұтып аласыз» деген сынды жылтыраған жарнамалар мен күмәнді сілтемелер – лудомандарды қармағына оңай іліктіреді.

Лудоманияға бейімі бар адам мұндай жылтыраған ақпараттарды тексере бермейді әрі сенгіш болып келеді. Көбіне қаржылық қиындықтан шығудың жолы осы деп ойлайды. Алайда күмәнді ұтыстарға ақшасын салып, алаяқтарға жем болып жатады.

Әлеуметтік желілерде өкінішке қарай бақылау күшейтілмеген. Оның үстіне, қазір қандай да бір жарнамаға қызығушылық танытсаңыз, алгоритм байқайды да алдыңызға сол тектес контенттерді үйіп-төге береді.

Елімізде мынаншалудоманбар деген нақты статистика жоқ. ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев өткен жылы журналистерге 350 мың қазақстандықтың құмар ойындарымен жүйелі ойнайтынын мәлімдеген болатын. Дегенмен оның бәрі емес, Денсаулық сақтау министрлігінің анықтамасы бойынша 36 мың адам ресми түрде лудомандиагнозымен тіркеуде тұр.

Елімізде лудоманияға қарсы бірқатар бастамалар жүзеге асырылды. Мамандар ойынға тәуелді адамдарға психологиялық көмек пен әлеуметтік қолдау қажеттігін айтады.

Қоғамды іштен әлсіретіп жатқан лудоманияны елемей қоя салудың салдары үлкен мәселеге алып келуі мүмкін. Өткен жылы мемлекет басшысы ойын бизнесі, лудоманияға қатысты заңға қол қойды. Заңда мемқызметкерлерге ойнауға тыйым салды және букмекерлік жарнамаларға, онлайн-казиноларға шектеу қойылды.
 

Тэгтер:

лудомания Интернет-алаяқтар