Қазақстанда балалар қандай контент көріп жүр?

17 наурыз, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: Arasha.kz

Бүгінде әрбірімізде смартфон бар, онсыз аттап басу мүмкін болмай қалды. Осындай смартфон-өмірге толықтай байланған шақта балалардың не көріп жүргенін бақылап отыру да қиынға соғып барады. Елімізде 17 миллион адам әлеуметтік желіні қолданады екен. Соның ішінде балалар әсіресе TikTok пен ютубты жиі көреді. 

Жалпы, балалардың 46 %-ы телефонды 5-8 жас аралығында ұстай бастайды. Бұрынғыдай далада асыр салып ойнайтын бала азайды, есесіне смартфон – «екінші көздеріне» айналды. ЮНИСЕФ-тің зерттеуінше балалар тек ойын-сауық тамашаламайды, жағымсыз әрі қауіпті контенттерді де көреді. Себебі,  TikTok секілді әлжелілер жылдам және қысқа видеолармен көрушінің назарын тез баурайды. Ұзақ ойлануға, қорытуға мүмкіндік бермейді. Контенті қысқа-нұсқа, қызықты, динамикаға толы рилстерден кейін баланың ой толғатып, тәлімді тәрбиеге шақыратын рухани дүниелерді көре қоюы екіталай. 

Дәстүрлі телеарнаның да ролі әлсіреп барады. Үйдің төріндегі теледидардан баланың «Балапан» арнасын көрсе қуанасың. ЮНИСЕФ зерттеген статистикаға жүгінсек, қолында телефоны бар әрбір бала мен жасөспірімдердің 83 %-ы ойын ойнайды, ал 97 пайыз жасөспірім онлайнда отырады екен. Күніне орта есеппен 5-7 сағатын қысқа видеоларға, мобильді ойындарға, блогерлерге, лайфстайлдарға, челлендждерге т.б. жұмсайды. Сарапшылар мұндай құбылыс балалар мен жасөспірімдердің назарын төмендетіп, көпшілікпен араласу яғни  қоғаммен байланысын әлсірететінін айтуда. 

Ал енді бұған мемлекеттің реакциясы қандай? Не әрекет жасап жатыр деген сауалға келсек, Қазақстан цифрлық әлемнің әсерін мойындап, өткен жылы «Қауіпсіз Онлайн» жаһандық қорының қолдауымен Балаларды Интернеттегі зорлық-зомбылықтан, қанаудан қорғаудың екі жылдық бағдарламасын іске қосқан болатын. Өз кезегінде Үкімет жас ұрпақты отаншыл, әділетті, еңбекқор етіп тәрбиелеу мақсатында идеологиялық «Адал азамат» бағдарламасын бекітті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірледі. 

Тэгтер:

балалар кітап балалар әдебиеті