Кремль Қазақстаннан Германияға мұнай транзитінің ықтимал тоқтатылуын техникалық себептермен түсіндірді. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, Қазақстанның мүдделері толық ескеріледі, ал қажетті жеткізу көлемі баламалы бағыттар арқылы қамтамасыз етіледі.
Бұған дейін, 22 сәуірде ТАСС агенттігі Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке сілтеме жасап, Астана мамыр айында «Достық» (Дружба) құбыры арқылы мұнай транзитінің мүмкін болмайтыны туралы бейресми мәлімет алғанын хабарлаған еді.
Оның алдында Reuters агенттігі салалық дереккөздерге сүйене отырып, Ресей 1 мамырдан бастап «Достық» құбыры арқылы Қазақстан мұнайының Германияға экспортын тоқтата тұруы мүмкін екенін жазды. Ресей Федерациясы президентінің баспасөз хатшысы агенттік жарияланымына түсініктеме бере отырып, өзінде мұндай ақпарат жоқ екенін айтқан болатын.
Қазақстан мұнайының Германияға жеткізілімі 2025 жылы 44%-ға өсіп, 2,146 млн тоннаға (тәулігіне шамамен 43 мың баррель) жетті. Reuters мәліметінше, бұл шикізаттың бір бөлігі Берлин мен Бранденбургтің автомобиль нарығының едәуір бөлігін жанармаймен қамтамасыз ететін Шведт қаласындағы PCK мұнай өңдеу зауытына түседі.