Азаматтық қоғам құруға әрбір қазақстандық дайын болуы мүмкін

28 наурыз, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: Астана әкімдігі

Азаматтық қоғамды дамыту не үшін өзекті? Ең алдымен осы сұраққа аз-кем жауап іздеп көрсек. Қазіргі таңда елімізде 23 мыңдай белсенді жұмыс істеп жатқан үкіметтік емес ұйым бар. Ресми деректерде, осы ұйымдар соңғы бес жылдың көлемінде 10 мыңнан аса әлеуметтік жобаны жүзеге асырыпты. Айта кетейік, үкіметтік емес ұйымдар көбіне волонтерлік пен қайырымдылық акциясы әрі сарапшылық сынды бағыттарда жұмыс жүргізген. 

Еліміздегі азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында азаматтық қоғамның белгілерін нақты жазып кеткен. Оның қатарына азаматтар мен адамның құқығын, бостандығын қамтамасыз ету, өзін-өзі басқаруын, қоғамда еркін пікір білдіруді, плюрализмді қолдау, ақпараттардың азаматтарға қолжетімді болуын, сонымен қатар мемлекеттік құрылымдардан айырмашылығы барын айта кеткен. 

Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы азаматтық қоғам қандай нәтижелерге қол жеткізді? Мәселен, 2011-2019 жылдарға көз жүгіртсек, үкіметтік емес ұйымдар саны көбейіп, әлеуметтік саясаттың іске асырылуы қамтамасыз етілген. ҮЕҰ-ның рөлін күшейте түсу үшін азаматтық форумдар жиі өткізілген. Қоғамдық кеңестер өз жұмысын жақсы атқарған. Ал саяси сахнада көппартиялы Парламент жұмысын істеп тұрды. Үкіметтің, әкімдердің халық алдындағы ашық есеп берулерінің құқықтық негізі қалыптасты. 

Азаматтық қоғамның белсенді болуына осы отырған сіз бен біз де үлес қоса аламыз. Ол тек саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, түрлі діни бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық кеңес, кәсіподақтардың меншіктеп алған шаруасы емес. 

Азаматтық қоғам құруға әрбір қазақстандық дайын болуы мүмкін, бірақ оған қоғамдық институттар әлі де болса азаматтардың мәселелерін жеткілікті түрде көрсетіп жатқан жоқ. Сондықтан қоғамдық ұйымдар да өз жұмысын қоғамға жеткізе алуы керек. Әйтпесе, әрбір азаматтың белсенділігі диванда отырып айқайлайтын жалған патриоттықтан әріге аспауы мүмкін. 

Азаматтық қоғам – ол айналаңды таза ұстау, заңды құрметтеу, құқық пен қаржы сауаттылығыңды арттыру, тек алушы, тұтынушы ретінде емес, «еліме не бере аламын?» дейтін жанашыр сананы меңгеру. Егер қоғамдық институттар мен азаматтар бірігіп, осылай белсенді болса азаматтық қоғам сөз жоқ дамыр еді. 
 

Тэгтер:

қоғам Азаматтық қоғам