БЖЗҚ-дан ақша алу қиындай түспек

Бүгін, 16:17 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) ақша алу үшін белгіленген шекті мөлшерді көтеру жоспарланып отыр. Ұлттық банк бұл бастаманы қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қазір шекті мөлшерді арттыру мәселесі Ұлттық банк, Еңбек министрлігі және қаржы реттеушілері арасында талқыланып жатыр. Бұған дейін үкімет өзгерістер жақын уақытта қабылдануы мүмкін екенін айтқан.

- Зейнетақы қорынан ақша алуға қатысты шекті мөлшерлер Еңбек министрлігі және басқа да реттеуші органдармен бірге талқылануда. Біз оларды көтеруді қолдаймыз, себебі бұл қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттырып, азаматтарды болашақта қорғайды. Зейнетақы активтері ең алдымен зейнетке шыққаннан кейін лайықты табыс қамтамасыз етуі тиіс, - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алия Молдабекова Сенат кулуарында.

Нақты сомалар әзірге жарияланған жоқ. Олар талқылау аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Қазақстандықтарға болашақта зейнетақы жинағын басқарудың жаңа мүмкіндігі ұсынылмақ. Жақын уақытта олар зейнетақы жарналарын тек БЖЗҚ-ға ғана емес, жеке басқарушы компанияларға да аудара алады. Қазір де жинақтың бір бөлігін аударуға мүмкіндік бар, алайда мемлекет болашақта барлық жинақты жеке компаниялардың басқаруына беруге рұқсат етуі мүмкін.

Тэгтер:

зейнетақы Ұлттық Банк БЗЖҚ ақша алу