Еуропалық одақ Қырғызстанды Ресейге қарсы енгізілген шектеулерді айналып өтуге көмектесті деп айыптап, бұл елге қарсы алғаш рет санкциялық механизмді қолданды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл шешім ЕО-ның кеше бекітілген 20-шы санкциялар пакеті аясында қабылданды. Қырғызстанға қатысты 2024 жылдан бастап күшіне енген санкцияларды айналып өтуге қарсы құрал (anti-circumvention tool) іске қосылды.
Еурокомиссия мәліметтеріне сәйкес, енді Қырғызстанға еуропалық өнімдердің бірқатар түрлерін, соның ішінде бағдарламалық басқаруы бар (ББС) станоктарды, телекоммуникациялық жабдықтарды, маршрутизаторлар мен коммутациялық жүйелерді экспорттауға толықтай тыйым салынды.
Брюссель бұл шаралардың аталған тауарларды Ресейге қайта экспорттау (реэкспорт) қаупінің жоғары болуымен байланысты екенін түсіндірді. ЕО өкілдері сауда статистикасы Қырғызстан арқылы Ресей Федерациясына санкциялық бақылау тұрғысынан басым санатқа жататын тауарлардың жеткізілу көлемі айтарлықтай өскенін тіркегенін атап өтті.