Алматы қаласындағы ірі көлік магистральдарының бірі – Розыбакиев көшесінің атауын өзгерту туралы қоғамдық бастама көтерілді. Белсенді топ қалалық нысанға халық жазушысы, көрнекті ақын және мемлекет қайраткері Мұхтар Шахановтың есімін беруді ұсынып, арнайы петиция жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Петиция авторлары Мұхтар Шахановтың қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі орны ерекше екенін, оның «Желтоқсан оқиғасына» саяси баға берудегі және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудегі еңбегін ұлықтау қажеттігін алға тартуда.
Қазіргі уақытта петиция желіде қол жинау үстінде. Қолдаушылардың айтуынша, Мұхтар Шаханов көзі тірісінде-ақ мұндай құрметке лайықты тұлға. Дегенмен, қалалық ономастика комиссиясы бұл мәселеге қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Розыбакиев көшесі – Алматының Бостандық және Алмалы аудандарын басып өтетін, қаланың оңтүстігінен солтүстігіне қарай созылып жатқан ең ұзын әрі маңызды көшелердің бірі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көше атауларын өзгерту үшін петицияның тиісті дауыс санын жинауы және ономастикалық комиссияның оң қорытындысы қажет.