Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасының Уфа қаласында «Танец – душа народа» халықаралық фестивалі өтті. Фестиваль аясында Қазақстанның атынан ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді, деп хабарлайды Arasha.kz.
21 сәуір күні өткен бірлескен концертте «Салтанат» ансамблі Файзи Гаскров атындағы Башқұртстан мемлекеттік академиялық халық би ансамблімен бірге өнер көрсетті. Екі ұжым ұлттық хореографияның үздік үлгілерін ұсынып, қазақ және башқұрт халықтарының мәдениетін бір сахнада тоғыстырды.
Кеш барысында көрермендерге әсерлі қойылымдар ұсынылды. Концертке 700-ден астам көрермен жиналып, аншлагпен өтті.
Бұл мәдени шара Қазақстан мен Ресей арасындағы достық байланыстардың нығаюына ықпал етіп, шығармашылық ұжымдар арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтерді.
Айта кетейік, елордада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері өтеді. Осы ретте, Уфада өткен концерт екі ел арасындағы мәдени байланыстың жарқын көрінісіне айналды.