Алматыда мектеп оқушысының оқу орнына балта алып келуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Аталған дерек бойынша Жетісу аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Көмекке мұқтаж жасөспірімнің әлеуметтік желілер арқылы алған нұсқауларының ықпалымен құқыққа қайшы әрекеттер жасауды жоспарлағаны анықталды. Полиция қызметкерлерінің дер кезінде қабылдаған шараларының арқасында заңсыз әрекеттің жолы кесіліп, оған жол берілмеді», - деп хабарлады сенбі күні Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлердің айтуынша, тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде жасөспірімді құқыққа қайшы әрекетке тартуға қатысы бар адамдар анықталып жатыр.
«Жасөспірімнің заңды өкілдеріне қатысты тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп толықтырды ПД.
Сондай-ақ, департамент ата-аналардың балаларының интернеттегі мінез-құлқын бақылауда ұстауы және кез келген қауіпті белгілерге дер кезінде назар аударуы маңызды екенін атап өтті.