Бүгін «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Келешек бағы – мектеп ауласын көгалдандыру» атты экологиялық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сенбілік және ағаш отырғызу форматында өткен шараға білім алушылар, педагогтер, ата-аналар және Әкелер кеңесінің мүшелері қатысты.
Бастаманың басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әке мен бала арасындағы байланысты күшейту арқылы жас ұрпаққа еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің және туған жерге жанашырлықтың нақты үлгісін көрсету көзделген.
Іс-шара барысында қатысушылар мектеп ауласына 10 алма ағашын, 10 қарақат көшетін, 6 мамыргүл мен 6 қарағай отырғызды. Сонымен қатар, «Таза өлке» бағыты аясында мектеп аумағын абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу және аумақты ретке келтіру шаралары атқарылды.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Исламбекқызының айтуынша, мұндай бастамалардың тәрбиелік маңызы ерекше. «Бүгінгі шара – жай ғана ағаш отырғызу емес, бұл балаларға еңбек пен жауапкершіліктің мәнін түсіндіретін маңызды тәрбие алаңы. Әке мен баланың бірге еңбек етуі – ұрпақ сабақтастығын нығайтатын өнегелі іс. Осындай жобалар арқылы біз өскелең ұрпақтың бойына табиғатты аялау мен туған жерге жанашырлық қасиетін сіңіреміз», – деді ол.
Шараға қатысқан ата-аналар да бастаманың маңызын атап өтті. Олардың бірі Алмас Әбдікерім отбасы болып қатысуды парыз санағанын жеткізді. Оның айтуынша, екі ұл, екі қызын ертіп келіп, барлығы бірге алты түп ағаш отырғызған.
– Бұл игі іске отбасы болып қатысуды парыз санадық. Екі ұл, екі қызымызды ертіп келіп, барлығымыз бірлесе алты түп ағаш отырғыздық. Табиғатқа жанашырлық танытып, туған жерге пайдасын тигізетін осындай шаралардың тәрбиелік мәні зор деп ойлаймын. Балаларымыз еңбектің қадірін түсініп, табиғатты аялауды кішкентайынан бойына сіңірсе екен дейміз. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөз бекер айтылмаған ғой. Бүгін еккен ағашымыз ертең саялы баққа айналып, кейінгі ұрпаққа өнеге болса – біз үшін үлкен қуаныш. Осындай сауапты бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба берсін, – деді ол.
Ұйымдастырушылар отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау, суару және сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударылатынын айтты.