Иранға қарсы әскери операция АҚШ-қа $61 млрд-тан астам қаржыға түсті, деп жазды Iran War Cost Tracker порталы.
Оның деректеріне сәйкес, операцияның 55-күніне қарай америкалық бюджет шығындары $61 млрд-тан асып кеткен, ал АҚШ қазынасынан секунд сайын $11,5 мыңнан астам қаражат жұмсалуда.
Ресурстың нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін есептегіші 10 наурыз күні Пентагонның АҚШ Конгресіне өткізген брифингіндегі мәліметтерге негізделген. Аталған брифингте Таяу Шығыстағы әскери қимылдардың алғашқы алты күнінде Вашингтон $11,3 млрд жұмсағаны, ал кейінгі кезеңде қақтығыстың әр күніне шамамен $1 млрд жұмсау жоспарланып отырғаны айтылған.
Сонымен қатар, бұл сомаға әскерді көшіру және әскери техниканы қалпына келтіру сияқты кейбір шығын баптары кірмеуі мүмкін екені атап өтіледі. Осыған байланысты нақты шығын көлемі бұдан да жоғары болуы ықтимал.
Еске салайық, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастап, бірқатар қалаларға соққы жасаған. Бұл операция Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына, Парсы шығанағындағы барлық елдердің қақтығысқа тартылуына, сондай-ақ Ормуз бұғазының жабылуына алып келді.
2026 жылғы 8 сәуірге қараған түні Иран, АҚШ және олардың одақтастары атысты тоқтату жөнінде келісімге келген. Кейін бұл келісімді АҚШ президенті Дональд Трамп белгісіз мерзімге ұзартты.
11–12 сәуір күндері Исламабадта Пәкістанның арағайындығымен Иран мен АҚШ арасында келіссөздер өтті. Ұзақ талқылаулардан кейін тараптар нақты келісімге келе алмай, кездесуді аяқтады.