Ресейдің Екатеринбург қаласында ұшқышсыз ұшу аппараты тұрғын үйге соғылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қаланың орталығындағы көпқабатты ғимаратқа дрон тиіп, 6 қабат зақымданған. Ғимараттан 50 адам эвакуацияланды.
«Осторожно, новости» телеграм арнасының мәлімдеуінше, шабуыл салдарынан Хохряков көшесі, 63 мекенжайындағы тұрғын үй — «Тринити» тұрғын үй кешені зардап шеккен. Биіктігі шамамен 100 метр болатын ғимараттың 25–30 қабаттары бүлінген. Қазіргі уақытта үйдің маңы қоршауға алынып, оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Куәгерлердің айтуынша, құтқару қызметі оқиға орнына 10 минут ішінде жеткен.
Дрон соққысынан кейін 6 адам зардап шекті.
Дәрігерлерге жүгінгендердің арасында ауыр халдегі науқастар жоқ. Көбіне жеңіл дәрежедегі түтіннен улану тіркелген. Бір жергілікті тұрғын ауруханаға жатқызылды, тағы бес адам госпитализациядан бас тартты.
«Зардап шеккен үй тұрғындары эвакуацияланды. Бұл туралы өңір губернаторы хабарлады. Оларға уақытша орналастыру пункттері ұсынылған. Адамдармен психологтар мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмыс істеуде. Сонымен қатар облыста дрон шабуылы қаупі режимі сақталып отыр», - делінген жазбада.
Шабуылдан кейін Екатеринбург тұрғындары интернет жұмысының бұзылғанын және әуе рейстерінің кешігуін айтып шағымдануда.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ақаулар таңертеңгі дрон шабуылынан кейін басталған. Кейбір қолданушыларда «ақ тізім» қызметі істемей қалған. Сондай-ақ уақытша шектеулерге байланысты Кольцово әуежайында 18 рейс кешіктірілді. Бірқатар ұшақтар қосалқы әуежайларға бағытталған.
Таңертең ұшқышсыз аппараттар Свердлов және Челябинск облыстарына шабуыл жасаған. Сонымен қатар Курган облысында алғаш рет «дрондық қауіп» режимі енгізілді.