Қырғызстан президенті Садыр Жапаров сұхбат беріп, ел ішіндегі саяси жағдай мен соңғы оқиғаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Kaktus.media тілшісінің сұрағына жауап берген мемлекет басшысы ақпанда орын алған және "сәтсіз төңкеріс әрекеті" деп бағаланған жағдайға байланысты мәліметтерді өзі алдын ала бақылауда ұстағанын айтты. Оның сөзінше, "75 адамның хаты" деп аталған бастама парламентке түспей тұрып-ақ оған белгілі болған.
"Бұл құжаттың Жогорку Кенешке қалай жеткенін, кімдердің қатысқанын, кімнің кіммен кездескенін бақылап отырдым. Мәселені парламенттің жалпы отырысына шығармақ болған кезде жедел шешім қабылдап, жағдайды бақылауға алдым", – деді ол.
Президент сондай-ақ қауіпсіздік құрылымдарының әрекеттерінен хабардар болғанын атап өтті. Оның айтуынша, елдегі жағдай толық бақылауда болмаса да, негізгі үдерістер назардан тыс қалмаған.
Жапаров парламенттегі кейбір депутаттардың саяси интригаларға араласқанын айтып, олардың жоспары іске аспаған соң бірқатары мандаттарын тапсырғанын жеткізді. Ол депутаттарды саяси ойындардан аулақ болып, заң шығару жұмысына көңіл бөлуге шақырды.
Сұхбат барысында бұрынғы ҰҚК басшысы Қамшыбек Тәшиевке қатысты да пікір айтылды. Президент оның ықтимал қатысы туралы нақты шешімді тергеу мен сот анықтайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ Жапаров өзінің жеке байланыстары ешкімге артықшылық бермейтінін атап өтті. Оның айтуынша, заң бұзған кез келген адам жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды.
Президент Шаирбек Тәшиевке қатысты іс бойынша да түсініктеме беріп, тергеу оның "Қырғызнефтегаз" кәсіпорнында ірі көлемде зиян келтіргенін анықтағанын айтты. Келтірілген шығын толық өтелген жағдайда ғана оны босату мәселесі қаралуы мүмкін екенін жеткізді.