ҰБТ-ға балама тест: енді тек білім емес, талапкердің мінезі де бағаланады

Бүгін, 15:23 / Қайсар Қалам
Сурет: ortcom.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҰБТ-ға балама ретінде дайындалып жатқан жаңа емтихан қандай болатынын айтып берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Министрдің сөзінше, жаңа тест талапкердің тек білімін ғана емес, оның жеке қасиеттерін де ескеретін болады. Алайда бұл көрсеткіштердің нақты «салмағы» әзірге белгісіз — параметрлер шетелдік серіктестермен бірге талқыланып жатыр.

– Бұл тест тек білімді ғана емес, талапкердің жеке ерекшеліктерін де қамтиды: оның құндылықтары, көшбасшылық қабілеті, бастамашылдығы бағаланады. Қазір нақты емес ақпарат бермеу үшін тест сипаттамасын ұсынуға дайынбыз — ол бар. Бірақ әр параметрдің қанша балл алатыны әзірге белгісіз. Бұл мәселе америкалық әріптестермен бірге талқылануда, – деді Нұрбек.

Емтихан Қазақстанда әзірленіп жатыр, бірақ оған халықаралық сарапшылар да қатысуда. Әдістемесін қалыптастыруға Educational Testing Service мамандары көмектесуде.

Жаңа тест Admissions Insight Test (AIT) деп аталады. Оны келесі жылдан бастап пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр.