Елімізде соңғы жылдары дене шынықтыру мен спорт саласына көптеп ден қойыла бастады.
Оның бір айқын көрінісі – бұқаралық спорт. Азаматтар салауатты өмір салтын ешкімнің қыспағынсыз өздері үшін ұстана бастады. Түрлі қалааралық, халықаралық марафондарға қатысу, әуесқой триатлон, мотобайкерлер, велошабандоздар көбейді.
Аулада, саябақтарда воркаутпен айналысушылар және жаяу жүргіншілер 10 мың қадамнан жүруді тұрақты әдетке айналдырды. Мұның бәрі де ел тұрғындарының санасы оянып, спортқа деген көзқарасы өзгеріп, денсаулықты бағалай бастағандықтарын білдіреді. Бұл сырттай алып қарағандағы тұтас көрініс.
Ал елде бұқаралық спорттың даму барысын ресми деректермен қарастырар болсақ, қазіргі кезде Қазақстанда 8 миллионнан астам адам спортпен айналысады екен. Бұл халықтың шамамен 41%-ын құрайды. Өз кезегінде мемлекет бұл көрсеткішті 2029 жылға дейін 50 %-ға жеткізуді көздеп отыр.
Дене шынықтыру мен спорт саласын нығайту мемлекет үшін маңызды стратегиялық бағыттардың бірі. Неге десеңіз, халықтың әл-ауқатын ғана көтеру басты мақсат емес, оның денсаулығы мен өмір сапасын арттыру да ұмыт қалмауы тиіс.
Осы ретте Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуде.
Айталық, мемлекет спорттық тапсырыстар елдегі осы сұранысты жабуы керек. Бағдарлама бойынша 4-17 жас аралығындағы 240 мыңнан аса бала тегін спорт секцияларына қатысады. Ал Қазақстанда қанша үйірме бар деген сауалға тоқталсақ, бүгінде 7 мыңнан аса үйірме жұмыс істеп тұр екен.
Бұдан бөлек, әр өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Ол үшін әр аймақта жаңадан спорт ғимараттары бой көтеріп, ауылдық жерлерде дене шынықтырумен айналысатын алаңдар көбеюде. Бұл жастардың, ауыл халқының спортқа деген қызығушылығын арттыра түседі.
Бұқаралық спорттан бөлек, Қазақстанда ұлттық спорт түрлерін дамыту да қолға алынып жатыр. Себебі, жастарды қазақ дәстүрлеріне негізделген ойындарға тарту, қызықтыру маңызды бағыттардың бірі.
Соның бір айқын көрінісі жыл сайын Наурыз мерекесінің онкүндігі аясында өтетін «Ұлттық спорт күні» халқымыздың жадын жаңғыртуда. Қазақ күресі, асық ату, ат жарысы, садақ ату сынды спорт түрлері ұлттық түбірімізбен тығыз байланысты.
Ұлттық спорт – мәдени құндылығымыздың негізі. 2024 жылғы дерекке сүйенсек, елімізде ұлттық спортпен 670 мыңға жуық адам айналысқан. Қазақстанда 17 клуб пен мамандандырылған орталық, 15 балалар-жасөспірімдер мектебі бар. Осылардың ішінде ең танымалы әрине қазақ күресі, көкпар, тоғызқұмалақ. Мәселен, Астанада 5-ші рет өткізілген Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан 112 медаль жеңіп алған болатын. Еліміз 43 алтын, 32 күміс, 37 қоланы қоржынына салып, ұлттық спорттан оқ бойы озық екендіктерін көрсете білді.