Спорт саласында тағы бір маңызды мәселе, ол жаттықтырушылардың еңбекақысы. Қуанышты жаңалық, осы жылдан бастап ұлттық стандарттарға сай біліктілік сынағынан өткен жаттықтырушылардың жалақысына 30 пайыз қосымша үстемеақы қосылады. Осылайша, спорт саласының мамандарын кәсіби ынталандыру шаралары жүзеге асырылмақшы.
Әрине, бұған дейін де спорт бағытындағы педагог қызметкерлердің еңбекақысына 2020 жылдан бері 25 пайыз қосылып отырды. Сондай-ақ 2022 жылдан бастап жаттықтырушылар, әдіскерлер, нұсқаушылар яғни спорт саласының мамандарының базалық еңбекақысы да кезең-кезеңімен өсіп отырды.
Естеріңізде болса, өткен жылы 16 маусымда «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасы жаңартылып, күшіне енген болатын. Осы заңдағы талапқа сай еліміздегі 180 спорт түрінің 60-тан астамы басым бағыт ретінде белгіленді.
Тізім Олимпиада, Паралимпиада, Судрлимпиада, Азия және Азия Пара ойындарында өткен нәтижелерге қарап жасалынды. Заңда бұдан басқа басқару, қаржыландыру, нормативтік базаны оңайлату туралы айтылған. Сонымен қатар, командалық клубтарды ұстаудың лимиті бекітілді, спорт ұйымдарының басшылары ротациямен тағайындалады, мүгедек спортшыларды ертіп жүретін тұлғалардың құқықтары да қарастырылған.
Туризм және спорт министрлігі спорт саласын барынша дамытуда қолға алуда. Халықаралық ареналарда еліміздің әлеуетін көрсету, қолдан келген барлық мүмкіндік пен жаңашылдықты жүйелі түрде жүзеге асыруды жалғастырып келеді.