Қазақстанда 20-дан астам ірі халықаралық жарыс өтеді

22 наурыз, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Өткен жылы Қазақстанда 30-ға жуық халықаралық жарыс өткізілді. Оған  әртүрлі спорттың халықаралық федерация өкілдері елімізге келіп, спорттың әлеуетімен танысып кеткен болатын.  

Биыл да әлемдік және құрлықтық деңгейде 20-дан аса ірі халықаралық жарыс өткізілмекші. Бұл жарыстар еліміздің ірі қалаларында өтетін болады.  

Атап айтқанда, Алматы қаласында фристайл-могулдан Әлем кубогы, джиу-джитсудан Азия чемпионаты өтпек. Астанада УЕФА футбол Чемпиондар лигасының финалы, дзюдодан турнир,  жүзу мен боччадан әлем кубоктары,  фиджитал спорт аясында «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирі өткізілмек. Айта кетейік, бұл физикалық және цифрлық спортты біріктіретін жаңа форматта өткелі отырған сайыс. Сондай-ақ, фиджитал-спорттың елордада өтуі отандас жас спортшыларды спортқа тартудың заманауи тәсілі болмақ.

Талғарда веложарыстан Азия кубогы, Шымкентте стенд атудан Әлем кубогы, Түркістан қаласында пара каноэден Азия чемпионатын өткізу жоспарланған.

Аталған халықаралық спорт жарыстарының Қазақстанда өтіп жатуы өте маңызды. Бұл еліміздің әлемдік спортқа есігі айқара ашықтығын және халықаралық жарыстарды ұйымдастыра алатынын көрсетеді. Себебі айтулы ірі жарыстарды өткізу елімізге абырой әкелері сөзсіз.

Осы орайда, елімізде азаматтардың қай спорт түрімен көбірек айналысатыны туралы да айта кетсек, ең танымал футбол екен. Футболға қызығушылар саны шамамен 1 миллионнан асады. Бір қызығы, футболмен көбіне ауыл жастары шұғылданады. Бұдан кейінгі орында тұрған классикалық волейбол ойынымен 760 мыңнан аса адам, баскетболмен 540 мың адам айналысады. Үздік ондыққа жеңіл атлетика, үстел теннисі мен тоғызқұмалақ кірген.

Қазақстандықтар заманауи және дәстүрлі спорт түрлеріне ерекше қызығушылық танытып келеді.