Швейцарияда Гүлнара Каримова ісі қайта қаралуда: сот процесі басталды

Бүгін, 16:38 / Ахмет Қанатұлы
Yves Forestier/GETTY. Суретте: Гүлнара Каримова

Швейцарияда Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримоваға қатысты сот процесі басталды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Айыптаушы тараптың мәліметінше, Каримова пара алу және "The Office" деп аталатын қылмыстық құрылымды басқару ісіне қатысы бар деп күдікке ілінген. Бұл іс шамамен 20 жыл бұрын басталған оқиғаларға байланысты қозғалған.

Аталған іске Швейцариядағы Lombard Odier банкі де тартылған. Қаржы ұйымы заңсыз жолмен алынған қаражатты жасыруға көмектесті деген күдікке ілініп отыр.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2005-2013 жылдар аралығында Каримоваға қатысы бар құрылымдар Швейцариядағы есепшоттарға жүздеген миллион доллар аударған.

Сонымен қатар банктің бұрынғы қызметкерлерінің бірі де осы қаражатты жасыруға қатысы бар деген айыппен жауапқа тартылып жатыр.

Қазіргі уақытта Гүлнара Каримова Өзбекстанда жазасын өтеп жатыр. Reuters мәліметінше, ол да, банк те өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.

Сот процесінің қашан аяқталып, үкімнің қашан шығатыны әзірге белгісіз.

Тэгтер:

президент Швейцария Гүлнара Каримова