ЕҰУ-ды ректордың әйелі тексере ме: Депутат Бақытжан Базарбек мәселе көтерді

Бүгін, 19:58 / Ахмет Қанатұлы
t.me/mazhilis_kz. Суретте: Бақытжан Базарбек

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қазақстанның жоғары білім беру саласында ондаған миллиард теңгеге бағаланатын заңбұзушылықтар жинақталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір жағдайларда жоғары оқу орындарын аккредиттеу үдерісі де мүдделер қақтығысына байланысты күмән тудырады. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Үкімет сағатында депутат білім беру жүйесінде деректер базалары мен мемлекеттік платформалар арасында әлі күнге дейін толыққанды интеграция жоқ екенін атап өтті. Соның салдарынан мемлекет студенттер контингентін, гранттардың қозғалысын және бюджет қаражатының игерілуін автоматты түрде тиімді бақылай алмай отыр. Бұл өз кезегінде қосарланған қаржыландыруға, оқудан шығарылған студенттер үшін төлемдердің жүргізілуіне және түрлі заңсыз схемалардың пайда болуына мүмкіндік беріп отыр.

Базарбектің сөзінше, мәселе жекелеген кемшіліктерде емес, ауқымды қаржылық шығындарда жатыр. Оның келтірген деректеріне сәйкес, жүйедегі қаржылық заңбұзушылықтар көлемі 4,4 миллиард теңгені құраса, тиімсіз пайдалану 12,6 миллиард теңгеге жеткен. Бұған қоса, бюджет шығындары мен жіберіп алынған пайда 1,5 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ тағы 30,3 миллиард теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалғаны айтылды.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жоғары оқу орындарын аккредиттеу мәселесіне жеке тоқталды. Оның айтуынша, білім сапасын растауға тиіс бұл рәсім іс жүзінде жиі формальды сипатта өтіп, жеткілікті бақылаусыз жүзеге асады.

Сондай-ақ депутат негізгі мәселе ретінде мүдделер қақтығысы болуы мүмкін екенін атап өтті. Яғни, кей жағдайларда университеттерді олармен байланысы бар құрылымдардың тексеруі жүргізіледі, бұл аккредиттеу үдерісінің объективтілігіне күмән туғызады.

"ЕҰУ "АРҚА" аккредиттеу агенттігімен мүдделер қақтығысы жағдайында келісімшарт жасасқан. Агенттік университетті аккредиттеуден өткізеді, бұл ретте "АРҚА" аккредиттеу кеңесінің құрамында Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының жұбайы бар-мыс. Осындай аккредиттеуге сене аламыз ба?" – деді Базарбек.

Оның сөзінше, мұндай жайттар жоғары оқу орындарын тәуелсіз бағалау үдерісінің мәні мен сенімділігіне күмән тудырады.

"Көптеген процедуралық заңбұзушылық мүдделер қақтығысымен байланысты. Үлестес фирмаларға лобби жасау қалыпты жағдайға айналып барады, ал аккредиттеу жиі формальды сипатта болып, тиісті бақылаусыз жүргізіледі", – деп атап өтті ол.

Тэгтер:

депутат Бақытжан Базарбек