Израиль президентінің Қазақстанға сапары аясында екі ел арасындағы жоғары технологиялар саласындағы серіктестікке жаңа назар ауды. Сарапшылардың айтуынша, Израильдің стартап экожүйесі, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және агротехнология бағытындағы тәжірибесі Қазақстан экономикасына тың серпін беріп, цифрлық дамуды жеделдете алады.
Тәуелсіз сарапшы Абылай Исиннің айтуынша, Израиль әлемдегі ең инновациялық экономикалардың бірі. Елде стартаптардың тығыз шоғырлануы, ғылыми-зерттеу секторының жоғары деңгейде дамуы және Қазақстан үшін өзекті салалардағы тәжірибе қалыптасқан. Сондықтан Қазақстан Израиль тәжірибесінен нақты пайда көре алады.
«Израиль “Startup Nation” ретінде танылған мемлекет. Бұл елде стартаптардың тығыздығы жоғары, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық сектор қуатты дамыған. Сонымен қатар Қазақстан белсенді дамытып жатқан бірқатар салаларда үлкен тәжірибе жинақталған. Соның ішінде агротехнология, су ресурстарын басқару, цифрландыру, киберқауіпсіздік және инновациялық экожүйе бар. Сондықтан Қазақстан үшін Израиль тәжірибесі өте пайдалы болуы мүмкін», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, ең алдымен технология трансфері мен жергілікті бейімдеу бағыты маңызды. Қазақстан ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқаруда заманауи шешімдерді енгізе алады. Бұл әсіресе климаттық өзгерістер мен су тапшылығы жағдайында өзекті болып отыр.
«Қазақстан Израильдің агротехнология саласындағы шешімдерін енгізе алады. Бұған тамшылатып суару, дәлме-дәл егіншілік, өнімділікті арттыруға арналған цифрлық жүйелер жатады. Сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану, шығынды азайту, суды есепке алу және оңтайландыру бағытындағы тәжірибе де маңызды. Израиль технологиялары Қазақстанның ауыл шаруашылығында және цифрлық трансформациясында қазірдің өзінде қолданылып келеді. Бұл бағыттағы жұмысты кеңейтуге мүмкіндік мол», – деді Абылай Исин.
Сарапшының сөзінше, технологияны сатып алу ғана жеткіліксіз. Ең бастысы – оны меңгеретін мамандарды даярлау. Сондықтан кадр даярлау мен адами капиталды күшейту мәселесі ерекше маңызға ие.
«Бірлескен білім беру бағдарламалары, тағылымдамалар және арнайы орталықтар құру арқылы Қазақстан мамандарын жаңа деңгейге шығаруға болады. Мысалы, Astana Hub немесе ALEM.AI алаңдарында Израиль тәжірибесіне негізделген бағдарламалар іске қосылса, үлкен нәтиже береді. Қазақстан бастамаларында 2030 жылға дейін бір миллион азаматты жасанды интеллект дағдыларына үйрету жоспары айтылып жүр. Израиль осы бағытта нақты көмек көрсете алады», – деді сарапшы.
Оның пікірінше, Израильдің стартап экожүйесін дамыту тәжірибесі де Қазақстан үшін құнды. Әсіресе инновацияны тез нарыққа шығару және венчурлық қаржыландыру жүйесін дамыту бағытында үлгі алуға болады.
«Израиль моделінің ерекшелігі – мемлекет, бизнес және технологиялық сектор арасындағы байланыс өте мықты. Армия мен мемлекеттік сектордан шыққан технологиялық шешімдер бизнеске тез енгізіледі. Венчурлық қаржыландыру жүйесі дамыған. Өнімдер нарыққа жылдам шығады. Қазақстан бұл тәжірибені бейімдей алса, Astana Hub және өзге инновациялық орталықтар стартаптарды өсіруде жаңа деңгейге көтеріледі», – деді ол.
Абылай Исин цифрлық инфрақұрылым қауіпсіздігі мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Израиль киберқорғаныс саласында әлемдік көшбасшылардың бірі болып есептеледі.
«Израиль киберқауіпсіздік бойынша жаһандық лидер саналады. Қазақстан үшін бұл бағыттағы серіктестік аса маңызды. Әсіресе мемлекеттік цифрлық жүйелерді, қаржы секторын, энергетика нысандарын және өзге де маңызды инфрақұрылымды қорғау қажет. Израильмен ынтымақтастық Қазақстанның цифрлық тұрақтылығын күшейтіп, сыртқы қауіптерге төзімділігін арттыра алады», – деді сарапшы.
Оның сөзінше, экономикалық өсімге әсер ететін тағы бір маңызды бағыт – бірлескен кәсіпорындар құру. Бұл жаңа инвестиция тартуға және экспорт құрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан мен Израиль арасында IT, fintech, green tech және өндіріс салаларында бірлескен кәсіпорындар құруға болады. Мұндай жобалар Қазақстан экспортының қосылған құнын арттыруға ықпал етеді. Мұнай, минералдар және аграрлық өнімдермен қатар технологиялық өнім үлесі көбейеді. Сонымен бірге жаңа инвестициялар келеді», – деді ол.
Сарапшы жалпы алғанда Израиль тәжірибесі Қазақстанға ресурстық экономикадан инновациялық модельге көшуге көмектесе алатынын айтты.
«Бұл әсіресе қазіргі геоэкономикалық жағдайда маңызды. Қазақстан экономиканы әртараптандыруды көздеп отыр. Израиль тәжірибесі осы жолда пайдалы құрал бола алады. Соңғы сапарлар мен саяси байланыстардың күшеюі, оның ішінде 2026 жылғы жоғары деңгейдегі кездесулер, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруы мүмкін», – деді Абылай Исин.
Сарапшы екі ел арасындағы IT, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және стартап салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін де жоғары бағалады. Оның айтуынша, бұл әлеует қазірдің өзінде іске асып жатыр.
«Соңғы жылдары жоғары деңгейдегі сапарлар өтті, бизнес-форумдар ұйымдастырылды, меморандумдарға қол қойылды. Екі тарап та жоғары технологиялық ынтымақтастық әлеуетінің жоғары екенін айтып келеді. Бұл тек теория емес, нақты іске асатын бағыттар», – деді ол.
Абылай Исиннің сөзінше, Қазақстан Израиль компанияларын электронды үкімет, data-driven services және цифрлық инфрақұрылым жобаларына шақырып отыр. Ал жасанды интеллект екіжақты қатынастардағы басым бағыттардың біріне айналуы мүмкін.
«Израиль Қазақстанның ұлттық AI экожүйесін дамытуға көмектесе алады. Бұған ALEM.AI, Astana Hub платформалары, зерттеу жобалары, білім беру және мемлекеттік басқаруда AI енгізу жатады. Израиль тарапы бұл бағытта әлеует жоғары екенін бірнеше рет мәлімдеді», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, табыстың негізгі факторлары ретінде саяси қолдау, экономикалардың бірін-бірі толықтыруы және қалыптасқан байланыстарды атауға болады.
«Қазақстанда ресурс, ауқым және аймақтық мүмкіндік бар. Израильде зерттеу, технология және жаһандық байланыстар бар. Сауда көлемі әзірге аса үлкен болмаса да, динамика оң. Ең бастысы – нақты жобалар қажет. Егер олар іске қосылса, бұл ынтымақтастық Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық серпілісіне катализатор бола алады», – деді Абылай Исин.
Сарапшының пікірінше, алдағы кезеңде бизнес-форумдар, пилоттық жобалар және білім беру бастамаларына басымдық беру қажет. Бұл екі ел арасындағы технологиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығарады.