«Гиперборей» YouTube-арнасының авторы, журналист Вадим Борейконың барлық банк шоттарына, соның ішінде зейнетақы картасына да бұғат қойылды. Бұған «Etude-Ybyrai» (бұрынғы «Everest-Ybyrai») құрылыс компаниясының берген арызы себеп болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Құрылыс компаниясы журналисті «жалған ақпарат таратып, іскерлік беделге нұқсан келтірді және сауданың төмендеуіне себепкер болды» деп айыптауда. Олар келтірілген шығынды 71 миллион теңгеге бағалаған.
Борейко өз арнасында Алматының 12-ші ықшамауданында салынып жатқан Premier тұрғын үй кешені туралы 7 рет материал жариялаған. Онда жергілікті тұрғындардың құрылысқа наразылығы мен депутат Бақытжан Базарбектің қатысуымен өткен тексеріс барысы көрсетілген.
Вадим Борейко репортаж кезінде өз пікірін білдірмегенін, тек барлық тарапқа (тұрғындарға, шенеуніктерге және құрылыс салушының өкіліне) теңдей сөз бергенін айтады. Тіпті, компанияның заң бөлімінің басшысы арна эфиріне шығып, өз уәжін айтқан.
Бостандық аудандық сотында бұл іс бойынша алғашқы отырыс 19 мамырға белгіленген.
Журналист компанияның шығынына бір ғана адамды - барлық тараптың уәжін жариялаған тілшіні кінәлауын негізсіз деп санайды.