«Қазақстан темір жолы» көпмиллиардтық несие алып жатқан осы швейцариялық Stadler компаниясының вагондары 2026 жылдың мамыр айында іске қосылады деп уәде берілді. Бұл туралы брифингте Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, құрамдар тестілеуден өтіп үлгерген. Айта кетейік, бұған дейін Көлік вице-министрі Талғат Ластаев вагондар сәуір айында жолға шығады деп уәде берген болатын.
Алайда бұл уәде орындалмады.
«Мерзіміне келетін болсақ сәуір айы. «Қазақстан темір жолы» мен Stadler арасында техникалық талаптар бойынша белгілі бір мәселелер бар, қазір бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр», - деп мәлімдеген еді ол 19 наурызда Сенатта өткен брифингте.
Бірақ бүгін оның әріптесі бұл жағдайға қатысты келесідей пікір білдірді:
«Stadler вагондары пилоттық режимде жұмыс істеп көрді. Пайдаланушы тарапынан техникалық сұрақтар туындады. Stadler компаниясы оларды жоюды өз мойнына алды, алдағы айда біз оларды өндіріске қабылдап, маршрутқа қосуды жоспарлап отырмыз».
Естеріңізге сала кетейік, швейцариялық вагондарды 2025 жылдың соңында іске қосу жоспарланған болатын.