Украинаның Сыртқы барлау қызметінің мәліметінше, Ресей басып алынған аумақтарда өсірілген астықты сыртқа шығарып, оны өзінің жеке экспорты ретінде сыртқы нарықтарда сатып жатыр. Киевтің есебі бойынша, тек 2025 жылдың өзінде осы әдіспен 2 млн тоннадан астам астық тасымалданған болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Санкцияларды айналып өту үшін Ресей „Кавказ“ портындағы ауыстырып тиеу пунктінде кемеден кемеге (ship-to-ship) тиеу схемасын қолданып, жинақтаушы кемелерді тартады. Бұл астықтың шынайы қайдан шыққанын жасыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті барлау қызметі.
Украина Президенті Владимир Зеленский де сейсенбі күні таңертең өзінің әлеуметтік желілерінде Ресей ұрлаған украин астығы тиелген тағы бір кеменің «Израиль портына келіп тоқтағанын және жүк түсіруге дайындалып жатқанын» мәлімдеді.