Сәуір айында Ішкі істер министрлігі жүргізген «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы еліміздегі адам саудасының бетпердесін ашты. Рейд нәтижесінде адам саудасына қатысты 41 қылмыс тіркелсе, соның 9-ы кәмелетке толмағандарға қатысты болып шықты. Ең сорақысы Қызылорда облысында жаңа туған сәбиді сату схемасы әшкереленді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиғаның ортасында көмекке мұқтаж жандарға пана болуы тиіс мамандандырылған қоғамдық қор тұр. Анықталғандай, 25 жастағы келіншек жүктілік кезінде және босанғаннан кейін осы қордың қамқорлығында болған. Алайда, анасы баладан бас тартуды ұйғарғанда, қор жетекшісі мұны пайда көзіне айналдырған.
«Қор жетекшісі сатып алушы іздеп, делдалдық жасаған. Сәбиді облыстың 50 жастағы тұрғынына 1 миллион теңгеге сатуды ұсынған. Қазіргі таңда сәбидің анасы, қор жетекшісі және сатып алушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.