Интимді видео дауы: Ақтаулық асаба жұбайын қорғап, мәлімдеме жасады

Бүгін, 09:39 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

Ақтаулық асаба Хан әлеуметтік желіде тараған интимді видеоға байланысты туындаған жағдайдан кейін алғаш рет пікір білдіріп, отбасына бағытталған қысым туралы айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өнер иесі ең алдымен жұбайына айтылып жатқан жағымсыз пікірлерді тоқтатуды сұрады. Оның сөзінше, бұл жағдай әйеліне ауыр әсер еткен.

"Қазір әйеліме өте қиын. Егер сын айтқыларыңыз келсе, маған айтыңыздар. Мен көтеремін. Өтінемін, оған тиіспеңіздер. Ол ештеңеге кінәлі емес", – деді ол.

Сонымен қатар, ол анасының келініне деген көзқарасы өзгермегенін, отбасында өзара түсіністік бар екенін жеткізді.

Желіде тараған "16 жастағы мобилографтың отбасынан 8 миллион теңге талап етті" деген ақпаратты асаба жоққа шығарды. Оның айтуынша, ешқандай қаржылық талап қойылмаған, ал мәселе заң аясында шешіледі.

"Мен ешқандай ақша сұраған жоқпын. Барлығы сот арқылы шешіледі. Әйелімнің абыройы бәрінен қымбат. Мұндай мәселеде ақша ештеңені шешпейді", – деді асаба.

Асаба жалған ақпараттарға сенбеуге шақырып, өзіне бағытталған сындарға да жауап берді. Ол жетістікке өз еңбегімен жеткенін айтып, бала кезінен түрлі жұмыс істеп өскенін атап өтті. Қазір әлеуметтік желі арқылы табыс тауып, отбасын асырап отырғанын жеткізді.

"Мен бәріне өзім жеттім. Ауылда түрлі жұмыс істедім. Бүгінде Instagram арқылы табыс тауып, отбасымды асырап отырмын", – деді ол.

Қала ауыстыру мәселесіне қатысты нақты шешім айтпаған асаба алдымен осы жағдайдың толық шешілуі маңызды екенін айтты.

"Бәрі мүмкін. Бірақ алдымен осы мәселені соңына дейін жеткізу керек", – деді ол.

Тэгтер:

видео хан тамада асаба