Ақтөбе облысындағы Әлімбет ауылының маңына ұшқышсыз ұшатын аппарат құлады. Оның бөлшектері елді мекеннен шамамен 2,5 шақырым жерден табылған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, аппарат бүгін таңғы сағат 8:30 шамасында далаға құлаған. Полиция тексеру жұмыстарын бастады. Оқиға орнында құзырлы қызметтер жұмыс істеп, нысанның не екенін және оның қайдан келгенін анықтап жатыр.
«Аталған нысан елді мекеннен тыс жерде табылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», — деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті.
Әлімбет ауылы Қарғалы ауданында, Ресей шекарасына жақын, Орск қаласының маңында орналасқан. Ауылда мыңға жуық адам тұрады.