Жетісу тұрғыны қоқыстан Қазақстанның елтаңбасын үйіне әкелгені үшін айыппұл арқалады

Бүгін, 10:32 / Қайсар Қалам
Сурет: Данияр Бейісқалидің парақшасынан

Жетісу облысының Ақсу ауданындағы блогер қоқыстан тауып алған елтаңбаны сақтағаны үшін 216 мың теңге айыппұл төледі, деп хабарлайды Arasha.kz.

Данияр Бейісқали төрт жыл бұрын елтаңбаны қоқыс жәшігінен тауып алғанын айтады. Оны тазалап, қалпына келтіріп, үйіне іліп қойған. Instagram парақшасында ол бұл әрекетін «мемлекеттік рәмізге құрметпен қарағандықтан», сақтап қалу үшін жасағанын түсіндірген.

Алайда төрт жылдан кейін бұл жазбаны Ақсу ауданының әкімдігі байқап қалған. Шенеуніктер полицияға жүгініп, «мемлекеттік рәміздерді мақсатсыз пайдалану» дерегін көрсеткен. Полиция блогердің жеке басын анықтап, айыппұл салған.

Полиция мәліметінше, мемлекеттік рәміздер заңмен ерекше қорғалады және оларды «тек белгіленген тәртіппен» ғана пайдалануға болады.

Бірақ елтаңбаның қоқысқа қалай түскені және оны кім тастағаны әкімдікті қызықтырмаған. Сонда мемлекеттік рәмізді қоқысқа тастауға болады да, оны сақтап қалу — заң бұзушылық па?

Тэгтер:

қоқыс блогер айыппұл Елтаңба