Әлемдік мұнай бағасы күрт өсіп, соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Сауда қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 2022 жылдың маусымынан бері алғаш рет 120 доллардан асты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Баға бір баррель үшін 122 долларға дейін көтерілді. Өсім Трамптың Иранға қатысты «Тегеран ядролық келісімге келіскенге дейін блокада сақталады» деген мәлімдемесінен кейін басталды.
Осы мәлімдемелер аясында нарықтар Таяу Шығыстағы қақтығыстың ұзаққа созылу қаупін ескере бастады. Бұл өз кезегінде энергетикалық секторға қысымды күшейтті.
Жағдайды Парсы шығанағындағы мұнай мен сұйытылған газ жеткізудің негізгі бағыты саналатын Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының қысқаруы одан әрі ушықтырды.
Шикізатты тасымалдауға қойылған шектеулер әлемдік нарықта тапшылық болуы мүмкін деген алаңдаушылықты күшейтті.