Шымкенттегі Нұрай Серікбай ісі: күдікті ақыл-есі дұрыс деп танылды

Бүгін, 15:55 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбай ісі бойынша тергеу аяқталуға жақын. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Сенат кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, күдіктіге қатысты сот-психиатриялық сараптама жүргізіліп, оның нәтижесі шыққан. Сараптама қорытындысына сәйкес, күдікті ақыл-есі дұрыс деп танылып, заң алдында толық жауап береді.

Бұған дейін марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай күдіктінің психикалық орталыққа ауыстырылғанын айтып, оның жазадан жалтаруы мүмкін екенін жеткізген еді. Алайда ресми дерекке сәйкес, бұл күдік расталмаған.

Еске салсақ, 2026 жылдың 11 қаңтары кешінде 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған. Күдікті екі күннен кейін ұсталды.

Қазіргі таңда оған бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр. Атап айтқанда, «некеге мәжбүрлеу», «сталкинг» және «аса қатыгездікпен адам өлтіру» баптары бойынша тергеу жүргізілуде.

Тэгтер:

шымкент күдікті Нұрай Серікбай