"Шахановтың өмір жолы қандай болса, жерлеуі де сондай айқай-шумен өтті" – тарихшы

Бүгін, 17:28 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Тарихшы әрі қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші ақын Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылығына қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ол Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында Мұхтар Шахановтың тағдырының күрделі болғанын атап өтіп, оның өмір жолы жеңіл өтпегенін жеткізді.

"Құдай Мұхтар Шахановқа үйіп-төгіп бақ та, сор да берген. Ол кісінің өмір жолын сырттай көп адам білгенімен, қасында жүрген адам ретінде айтарым – ондай тағдырды дұшпаныма да тілемес едім. Туғаннан соңғы демі шыққанша бүкіл өмірі арпалыспен өтті", – деді ол.

Сонымен қатар қоғам белсендісі ақынның жерлеу рәсімі де қоғамда кең талқылау тудырғанын айтты. Алғашында оны Алматыдағы Кеңсай зиратына жерлеу жоспарланғанымен, кейін ақынды туған жері Отырарда жерлеу жөнінде шешім қабылданғанын атап өтті.

"Басында Кеңсайда жерлейтін болды. Кейін Отырарға қоятын болды. Өмір жолы қандай болса, жерлеуі де сондай айқай-шумен өтті", – деді қоғам белсендісі.

Жұмамұрат Шәмші Мұхтар Шахановтың шығармашылығына жоғары баға беріп, оның поэзиясының бірегей болмысын ерекше атап өтті.

"Мұқаңның поэзиясына ғашықпын. Ешкімге ұқсамайтын өз жолы бар. Оны мойындау керек. Шығармашылығына сөз жоқ, өлеңдері інжу-маржан. Бірақ ол да пенде, кемшіліксіз адам болмайды", – деді Жұмамұрат Шәмші.

Айта кетейік, Мұхтар Шаханов 19 сәуірде 84 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ақынның соңғы аманаты орындалып, ол туған топырағы – Отырардағы Арыстан баб кесенесі маңына жерленді.

Тэгтер:

мұхтар шаханов ақын