Ақмола облысында «Қазгидромет» маманын іздестіру жұмыстары бір айдан бері нәтиже бермей жатыр

Бүгін, 12:33 / Қайсар Қалам
Сурет: gov.kz

Ақмола облысында «Қазгидромет» мекемесінің жоғалып кеткен қызметкерін бір айға жуық іздестіру жұмыстары әзірге ешқандай нәтиже берген жоқ, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қолда бар ақпарат бойынша, 60 жастағы ер адам Колутон ауылының маңындағы гидробекетте су деңгейін өлшеумен айналысқан. Ол 5 сәуір күні таңғы сағат 05:30 шамасында жұмысқа шығып кеткен, содан бері оның қайда екені белгісіз, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.

Өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, іздестіру жұмыстарына екі сүңгуірлер тобы жұмылдырылды. Олар осы уақыт ішінде Колутон өзенінің арнасы мен оған іргелес аумақтарды толық тексеріп шықты.

Сонымен қатар, іздестіру шараларын полиция қызметкерлері де жүргізіп жатыр. Полиция департаменті адамның хабар-ошарсыз жоғалып кетуіне байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын нақтылады.

Тэгтер:

полиция өзен қазгидромет іздеу жұмыстары Колутон ауылы