Түркістан облысында көпірді су шайып кетті. 81 адам эвакуацияланды

Бүгін, 10:48 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Түркістан облысында ауа райының күрт бұзылуы салдарынан құтқарушылар 80-нен астам адамды қауіпсіз жерге көшірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

ТЖМ мәліметінше, оқиға Төлеби ауданындағы Ақмешіт ауылы маңындағы туристік аймақта болған. Нөсер жаңбырдан кейін Ақмешіт өзенінің деңгейі көтеріліп, демалыс орны мен пикник аймағын жалғап тұрған екі уақытша көпірді су шайып кеткен. Сонымен қатар Екпінді елді мекеніндегі өткел де зақымданған.

«Жағдайға жедел әрекет еткен құтқарушылар Екпінді ауылынан 11 адамды, оның ішінде 7 баланы эвакуациялады. Ал демалыс аймағынан 70 адам, соның ішінде 20 бала қауіпсіз жерге шығарылды», - деп мәлімдеді ТЖМ.

Қазір мамандар уақытша өткел орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ, медициналық көмекке жүгінгендер тіркелмеген.

Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі, «Қазселденқорғау», полиция және жергілікті билік өкілдері жұмысын жалғастырып жатыр.
 

Тэгтер:

эвакуация жаңбыр ТЖМ Көпірді шайды