Еріктілер ерлігі: «Жаңа адамдар» бір миллион литр қан тапсырды

Бүгін, 11:31 / Arasha.kz

Қазақстан халқының бірлігі күні мен Еріктілер жылының тоғысқан шағында елімізде айрықша бастама мәресіне жетті. «Жаңа адамдар» қозғалысы ұйымдастырған «Ерікті бол — қан тапсыр!» атты жалпыұлттық акциясы аясында донорлардан 1 миллион миллилитрден астам қан жиналды. Бұл көрсеткіш жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін үлкен күшке айналып отыр.

Биылғы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еріктілер жылын жариялағанда, әр азаматтың жеке жауапкершілігі мен қоғамдық іске қатысуының маңызына тоқталған еді. «Жаңа адамдар» осы үндеуді негізге ала отырып, еріктіліктің жалаң сөз емес, нақты әрекет екенін іс жүзінде дәлелдеді. Қан орталықтарымен бірлесе отырып, олар қазақстандықтарды бауырмалдық танытуға шақырды.

Қазіргі дамыған заманда көптеген дүниені технологиямен алмастыруға болса да, адам қанының баламасы әлі табылған жоқ. Оны жасанды жолмен жасау мүмкін емес, ол тек адамның саналы таңдауы мен ізгі ниетінен ғана бастау алады. Сондықтан да қан тапсыру — өзімшілдік шеңберінен шығып, мұқтаж жанға өмір сыйлаудың ең жоғарғы көрінісі.

Акцияның ауқымы бүкіл республиканы қамтып, 18 қалада арнайы штабтар жұмыс істеді. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент секілді мегаполистерден бастап, еліміздің барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларында мыңдаған донорлар күн сайын қан тапсырды. Сәуір айында басталған бұл марафон 1 мамыр — Бірлік күніне дейін жалғасып, әралуандығымыз бен бірлігіміздің шынайы сипатын көрсетті.

Алматы кампусының көшбасшысы Владимир Изюмников бұл қадамның мәні тереңде жатқанын алға тартады. Оның пайымынша, қатысушылар тек қан тапсырып қана қоймай, азаматтық жауапкершіліктің мүлдем жаңа деңгейін қалыптастырды. Қоғамда бақылаушы болып қалудан бас тартып, өзгерістерді өз таңдауынан бастаған жандар жеке және қоғамдық құндылықтардың жаңа бейнесін сомдады.