"Сандырақ": АҚШ сенаты Трамптың Иранға қатысты мәлімдемесіне күмән келтірді

Бүгін, 17:43 / Ахмет Қанатұлы
Andrew Harnik/Getty Images. Суретте: Чак Шумер

АҚШ Сенатындағы демократтар көшбасшысы Чак Шумер Х әлеуметтік желісінде Дональд Трамптың Конгреске жолдаған хатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұған дейін Трамп Конгреске жолдаған хатында Иранға қарсы әскери операциялардың аяқталғанын мәлімдеген. Сонымен қатар, ол америкалық әскери күштердің Таяу Шығыста қала беретінін де атап өткен.

Президенттің айтуынша, 2026 жылдың 7 сәуірінде екі аптаға атысты тоқтату туралы бұйрық беріліп, кейін бұл режим ұзартылған. Сондай-ақ оның сөзінше, 7 сәуірден бері АҚШ пен Иран қарулы күштері арасында қақтығыс болмаған, ал 28 ақпанда басталған әскери іс-қимылдар тоқтатылған.

Алайда демократтар бұл мәлімдемеге сенімсіздік танытты. Чак Шумер Трамптың сөзін "сандырақ" деп атап, оны заңсыз соғыс деп бағалады. Оның пікірінше, республикашылдардың әрекеті қақтығыстың созылуына әкеліп, қауіп-қатерді арттырып, экономикалық тұрақсыздыққа себеп болып отыр.

Сонымен қатар, БАҚ-та бұл соғыстың қарапайым америкалықтардың тұрмысына кері әсер етіп жатқаны айтылуда. Әсіресе жанармай мен азық-түлік бағасының өсуі халыққа қосымша салмақ түсіріп отыр.

Америка кәсіпкерлік институты бағалауынша, отын мен тыңайтқыш бағасының қымбаттауы әрбір америкалық отбасыға ай сайын шамамен 150 доллар (70 мың теңгеге жуық) қосымша шығын әкелуде.

Тэгтер:

АҚШ Дональд Трамп Чак Шумер