Шеру 3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күніне орай ұйымдастырылып, «Мзияның бостандығы және біздің еуропалық болашағымыз үшін» деген ұранмен өтуде, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ұйымдастырушылар медиаға жүйелі қысым жасалып жатқанын айтады: соңғы жылдары Грузияда журналистерге шабуыл жасау, қорқыту, қаралау және қылмыстық қудалау жағдайлары жиілеген. Акцияға қатысушылар БАҚ қызметкерлері үшін қауіпсіз орта қалыптастыруды, ұсталған журналистерді босатуды және қоғамның шынайы ақпарат алу құқығын сақтауды талап етуде, деп жазды "Новости Грузии" телеграм арнасы.
Бүгінгі наразылықтың символына журналист Мзия Амаглобели айналды. Ол Сахаров сыйлығының лауреаты және 2025 жылдың басынан бері түрмеде отыр. Журналист Батуми қаласында өткен наразылық акциясы кезінде полиция басшысына шапалақ бергені үшін екі жылға сотталған.
«Шекарасыз тілшілер» ұйымының дерегінше, ел баспасөз еркіндігі жөніндегі әлемдік рейтингте 180 елдің ішінде 135-орынға дейін төмендеген. Бұл бір жыл ішінде 21 сатыға құлдырау. Себептердің қатарында «шетел агенттері» және «ЛГБТ насихаты» туралы заңдар аталады.
Transparency International Georgia ұйымының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында ғана елде журналистерге қатысты 60-қа жуық шабуыл, қорқыту және қысым көрсету дерегі тіркелген.