Кәрім Мәсімовтің қылышы саудаға шығарылып, сатылды. Қару 1,5 миллион теңгеге сатып алынды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу аясында тәркіленіп, қайтарылған активтерді басқару басқармасына берілген самурай қылышы 29 сәуірде электронды саудада сатылды.
«Қынаптағы самурай қылышы: жүзі болаттан жасалған, жүзінің бүкіл ұзындығы бойымен өзіне тән таяз ойық өтеді; қынабы қара түсті материалдан жасалған; сабы сұр түсті металдан жасалып, рельефті геометриялық өрнекпен безендірілген», - делінген лот сипаттамасында.
Бағалаушылардың мәліметінше, қылыштың жағдайы жақсы, жүзінде «47911» сандары қашалған. Айта кетейік, қаруға бағалау жұмыстары 2024 жылдың желтоқсанында жүргізілген болатын.
Құжатта қылыштың нарықтық құны 542 719 теңге екені көрсетілген. Дегенмен, лоттың бастапқы бағасы 379 904 теңге болып белгіленді. Нәтижесінде ол 1 586 954 теңгеге сатылды.
Сауда-саттық басталғанға дейін сатып алушылар тауарды көре алды. Сауда бағаны көтеру әдісімен аукцион форматында өтті: қатысушылар бағаны кезекпен көтеріп отырды, ең жоғары соманы ұсынған адам жеңімпаз атанды.
Бұл баға ҚҚС-сыз көрсетілген. Келісімшартты ресімдеу кезінде қорытынды құнға 16 пайыз көлемінде ҚҚС қосылады.
Еске салайық, 2025 жылдың қарашасында қылыш 542 719 теңгеге сатылған болатын, бірақ жеңімпаз ақшаны төлемегендіктен мәміле жойылды.
2026 жылдың ақпанында самурай қылышы 3 413 825 теңгеге (бастапқы бағадан 7 есе қымбат) сатып алынғаны айтылды. Алайда, бұл мәміле де жүзеге аспаған көрінеді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім сарайының саудаға шығарылғанына бір жылдан астам уақыт өтті.