Ресейде Владимир Путиннің қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бұл оның өміріне қастандық жасалуы мүмкін деген алаңдаушылықпен байланысты, деп жазады Financial Times.
Басылымның мәліметінше, соңғы айларда Федералдық күзет қызметі (ФСО) президентті қорғау шараларын едәуір күшейткен. Мәскеуде Путинді білетін адамдар мен еуропалық барлау қызметтеріне жақын дереккөздің айтуынша, ол соңғы уақытта жерасты бункерлерінде жиірек болатын көрінеді.
Алайда Би-би-си Путиннің бункерлерде уақыт өткізетіні туралы ақпаратты тәуелсіз түрде растай алмаған.
Мақалада атап өтілгендей, Путиннің оқшаулануы соңғы жылдары, әсіресе COVID-19 пандемиясынан кейін күшейе түскен. Ал наурыз айынан бастап Кремльде мемлекеттік төңкеріс немесе қастандық қаупіне қатысты алаңдаушылық, әсіресе дрондарды қолдану мүмкіндігіне байланысты, айтарлықтай артқан.
Дереккөздердің айтуынша, Украина жүргізген «Паутина» атты операцияның салдары әлі де сезіліп отыр. 2025 жылы жүк көліктерімен жеткізілген украин дрондары Ресейдің ішкі аймақтарындағы, соның ішінде шығыс бөлігіндегі әскери нысандарға шабуыл жасаған.
Сонымен қатар, тағы бір дереккөздің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтарында Венесуэла президенті Николас Мадуроның ұсталуынан кейін де қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық күшейген. Осыдан соң ФСО қауіпсіздік шараларын одан әрі қатаңдатқан.