Қазақстан халқының саны туралы тың мәлімет жарияланды

Бүгін, 14:47 / Arasha.kz
pixabay.com

Ұлттық статистика бюросы 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ел халқының жаңартылған санын жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ресми дерекке сәйкес, Қазақстан тұрғындарының жалпы саны 20 547 909 адамға жеткен. Жыл басынан бері халық саны 48 087 адамға көбейген.

Халық ең көп шоғырланған өңірлердің қатарында Түркістан облысы (2 146 665 адам) мен Алматы (2 359 052 адам) бар. Айта кетерлігі, Түркістан облысында халық саны сәл азайса, Алматыда керісінше өсім байқалған.

Бір миллионнан астам тұрғын тұратын өңірлер қатарында Астана (1 662 755 адам), Алматы облысы (1 606 365 адам), Шымкент (1 302 868 адам), Жамбыл облысы (1 214 501 адам) және Қарағанды облысы (1 131 200 адам) бар.

Ал халық саны ең аз өңірлер қатарында Ұлытау облысы (218 420 адам), Солтүстік Қазақстан облысы (512 991 адам) және Абай облысы (594 320 адам) аталды.

Сондай-ақ статистикаға сәйкес, қала тұрғындарының саны артып келеді. Қазіргі таңда қалаларда 13 137 950 адам тұрса, ауылдық жерлерде 7 409 959 адам өмір сүреді. Қала халқы 52 840 адамға көбейсе, ауыл тұрғындары керісінше 4 753 адамға азайған.

Тэгтер:

қазақстан халық саны